Фильм, Баспана, Украина. 20 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 ноября, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңызға бүгінгі күннің кезекті ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз!✔️

1️⃣ Биыл қазақстандық 90 фильм ұлттық прокатқа шығып, миллиардтаған касса жинады

XVII “Еуразия” халықаралық кинофестивалінің ресми баспасөз конференциясы барысында актер, кинотанушы, “Еуразия” кинофестивалінің штаб жетекшісі Кәрім Қадырбаев осындай қуанышты жаңалықты жеткізді. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

Спикердің сөзінше, 2024 жылы отандық кино рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді.

“Биыл қазақстандық 90 фильм ұлттық прокатқа шықты, бұл рекордтық көрсеткіш. Былтыр 60 кино болған. Бұл картиналар саны бір жарым есе өсті деген сөз. Кассадан түскен түсімдер айтарлықтай, осы жылы алты фильм миллиард теңгеден астам касса жинады. Соңғыларының бірі — Заманback фильмі. Біз жеке киноөндіріс компанияларында талантты, белсенді жастар бар екенін көріп отырмыз. Бұдан бөлек, веб-сериалдардың да саны артқан. Бұл керемет. Қазақ киносы жан-жақты дамып, сан алуан жанр пайда болып жатыр деп ойлаймын. Егер бұрын тек комедиялар басым болса, қазір кинотеатрларда көрермендерді жинайтын драмалар мен қорқынышты фильмдер шығып жатқанын көріп отырмыз”, — деді ол.

Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” ұлттық киностудиясы президентінің міндетін атқарушы директоры Айдар Омаров киножобаларды қаржыландырылуы туралы айтты.

“Біз кинопрокатқа жеке инвестициялардың басым екенін байқап отырмыз. Бұл киноиндустрияда оң динамика бар екенін көрсетеді. Кәсіпкерлер бұл салаға инвестиция салуға дайын, яғни киноиндустрия жұмыс істеп, дивиденд әкеліп жатыр”, — деп қосты Айдар Омаров.

Тамаша!😍

2️⃣ Қазақстанда баспана бағасы 15 пайызға өсуі мүмкін

КТК телеарнасының мәліметінше, сарапшылар елімізде келесі жылы пәтер бағасы 10-нан 15 пайызға дейін көтеріледі деген болжам жасаған.

Баспананың қымбаттауының себебі – құрылыс саласына 12 пайыздық қосылған құн салығы қайта енгізілмек. Ал құрылыс компаниялары сол салықты қалтадан шығармас үшін шаршы метрдің құнына ақша қосады дейді мамандар. Бұл – жаңа үйлердің бағасы шарықтаса, ескі пәтерлер де қымбаттайды деген сөз.

12 пайыздық құн салығы дегеніміз жаңалық емес. Елдегі құрылыс компаниялары бұл салықтан сонау 2001 жылы босатылған. Осылайша, Үкімет үйдің бағасын арзандатпақ болды. Енді сол салық келесі жылдан бастап қайта енгізілгелі отыр. Бұл бағаға кері әсер етеді деседі сарапшылар.
Құрылыс компанияларына жеңілдік берілген 2001 жылдан бастап, жаңа баспананың құны 21 есе қымбаттапты. Кейін бұл сан тағы өскелі тұр.

Қазір құрылыс компаниясы үй салып, орта есеппен 15 пайыз пайда табады. Егер 12 пайыздық салық енгізілетін болса, құрылыс компаниясы нөлге жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз істейді немесе шаршы метр бағасын көтереді, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағы Астана филиалының директоры Вячеслав Лазарев.

Әрине, жұрттың екінші нұсқаны таңдайтыны белгілі. Осылайша, түбінде зардабын қарапайым тұтынушы тартады. Өйткені риелторлар келесі жылы жаңа салынған үйлер аспандайтын болса, сәйкесінше ескі үйлер бағасының да қатарласып қымбаттайтынына сенімді.

Өйткені бірінші санаттағы тұрғын үй бағасы тым қымбат болады. Сәйкесінше екінші санаттағы үйдің иесі екінші санатты сатып, бірінші санаттағы пәтерді алғысы келеді. Ал екінші санаттағы үй бағасы сол бірінші санаттағы үйдің бағасына қарай өзгереді. Бағасы өссе, сатып алу мүмкіндігі азаяды. Бұл жалпы жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етеді, – дейді риелтор Шахрух Асқаров.

Тұрғын үй нарығының қандай өзгеріске ұшырайтынын уақыт көрсетеді. Бірақ дәл қазір пәтер бағасы айтарлықтай тұрақталып қалды дейді риелторлар. Алматыда 40 шаршы метр 1 бөлмелі пәтердің құны – шамамен 25-30 миллион теңгенің төңірегінде. Енді 12 пайыздық салық енгізілсе, дәл сол үйдің құны қаншаға шығатынын келесі жылы салыстырып көруге болады.

Сіз баспана алып үлгердіңіз бе?🤔 Баспана бағасы қайта шарықтайын деп тұр екен.


3️⃣ Қазақстандықтарға Украинадан кету ұсынылды

“Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылдарының жиілігінің артуына байланысты, қауіпсіздік мақсатында Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүргізіліп жатқан жерлерге жақын аумақтарды қалдыру немесе Украинадан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.  Елшілік барлық азаматтарды әуе шабуылы туралы ескертуді назарға алып, дереу баспаналарға баруға, өздерінің қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми органдардың ұсыныстарын орындауға шақырады. Украинадан Қазақстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтары жерүсті бағыттарын: Польша немесе Молдова арқылы, одан әрі коммерциялық әуе қатынасын пайдалана алатынын ескереміз”, — делінген хабарламада.

Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарында Шенген визасы болуы керек. Молдоваға кіру үшін виза қажет емес.

Таныстарыңызды құлағдар етіп қойыңыз📍