Фильм, Шырша, Жұмыс. 19 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 19 декабря, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңызға бүгінгі күннің кезекті ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз!✔️

1️⃣ «Алаң» деректі фильмі көрерменге жол тартты

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан дүрбелеңіне арналған деректі фильм Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің тағдыры мен олардың қоғам алдындағы орнына терең үңілуге арналған туынды. Бұл туралы Qazaqstan tarihy порталы мәлімдеді.

Фильмнің «Алаң» деп аталуының бірнеше себебі бар: біріншіден, республикада қалыптасқан саяси ахуал мен шешілмеген ұлт мәселелері (демография, қазақ тілі, білім беру) қазақ жастарын бір орынға – алаңға жинады; екіншіден, жиылған жастардың ойын, талабын жазып алған қазақ режиссерлерінің (Қ. Әбенов, Р. Яхин) алаң көңілінен өмірлік және көркем шындықтар таспаланды; үшіншіден, ұлт көсемі Ә. Бөкейханның «Қазақ тарихы» мақаласында «Алаш – отан кісісі, алаң – шетел кісісі» деп талданғандай, Қазақстанға мүлде белгісіз адамның (алаңның) тағайындалуы сияқты себептер фильмнің атауына негіз болды.
Деректі фильмде Қалдыбай Әбеновпен Рубикжан Яхинніңұстанымдары мен өмір жолдарын қарастырып, сол кезеңнің философиялық және әлеуметтік мәнін ашады.
Қалдыбай Әбеновқоғамдық өзгерістерге терең оймен қарай отырып, тарихтың ауыр сынақтарын өткерді. Оның азаматтық көзқарасы әлеуметтік әділеттілік пен адамның құқықтары үшін күрескен ұстанымдарды білдіреді. Қақтығыстар мен қайшылықтар арқылы халықтың ұлттық бірлікке деген ұмтылысын көркемдікпен суреттеген «Аллажар» фильмі ұлт қазынасына айналды.

Рубикжан Яхин– Желтоқсанның шындық жаршысы. Оның іс-әрекеттері тек саяси қарсылық емес, терең философиялық мәнге ие болды. Әділетсіздікке қарсы шыққан, өз құқығын қорғау үшін жанқиярлық күреске түскен жастардың жанынан табылып, операторлық әбжілдікпен камерасына түсіріп алуымен құнды.

Ол түсірген тарихи таспалар алаңдағы шамырқаныс пен буырқаныстарды шынайы, қаз-қалпында әрі қоғамдағы өзгерістерге деген ұмтылысты бейнелеп, жастарды, азаматтық қоғамды еркіндік пен теңдікке шақырды.

Бұл деректі фильм Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің өміріндегі маңызды сәттерді, олардың қоғамдық және саяси көзқарастарын зерттей отырып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, фильм тарихи оқиғалардың адамдардың жеке өміріне қалай әсер еткенін, олардың рухани әрі философиялық тұрғыдан қалай өзгергенін көрсетеді.
Әрбір көрермен үшін бұл туынды 1986 жылғы дүрбелеңге қатысты жаңа ойлар мен пайымдар тудырады, сол дәуірдегі саяси, әлеуметтік және философиялық күрестердің мәнін ашып көрсетеді.

Тамашаладыңыз ба?

2️⃣ Елордада бір мезетте 30-дан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды

Астанада 30-дан астам мерекелік шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. Іс-шараға 15 мыңнан астам адам қатысты.

Барлық орында көптеген ойын-сауық түрлері ұйымдастырылған: мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық нысандар, фотоаймақтар және тағы басқалар.

Ең биік 25 метрлік шыршалардың шамы «Астана Арена» стадионының тұрағында және «Қазақ Елі» монументінің алаңында жағылды. «Астана Арена» стадионының тұрағындағы 25 метрлік шырша жарық декоративті ұлпа қармен және өрнектермен, сары және қызыл реңдегі 2500 ойыншықпен, гирляндалармен және т.б. безендірілген. Шыршаны жағу кезінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Қайрат Баекенов, Ринат Малцагов, AYREE, балалар хоры мен би ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама, жаңа жылдық жәрмеңке, сырғанақтар, мұз айдыны, лабиринт, фуд-корт, арнайы тақырыптағы фотоаймақтар және т.б. ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Нұра ауданында бүгін тағы сегіз орында шырша шамы жағылды: орталық саябақта, «Зеленый квартал» ТК скверінде, Үркер тұрғын алабындағы Айғыржал скверінде, «Сарыарқа», «Керуен Сити», «Азия парк», «Хан Шатыр» және «Айланд» сауда-ойын-сауық орталықтарының жанында және Сығанақ пен Ш.Айтматов көшелерінің қиылысында.

Сарайшық ауданындағы Қазақ елі алаңында шырша шамын жағу кезінде қала тұрғындары үшін мерекелік бағдарлама, балаларға арналған аниматорлар және түрлі ойындар ұйымдастырылды. Келушілер ән айтты, би биледі, сырғанақ пен мұз айдынында көңіл көтерді, фотоаймақтарда естелік үшін суретке түсті. Орналасқан жердің өзінде 2 мұз айдыны, екі сәулесі бар сырғанақ, биіктігі 25 метрлік шырша, шағын архитектуралық нысандар мен жарық-люминациялық пано орнатылған.
Сарайшық ауданындағы «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы маңында жаңа жылдық шырша жағылды.

Алматы ауданында жаңа жылдық шыршалар шамы Тәуелсіздік даңғылындағы Оқушылар сарайының аумағында, «Sana Sport» спорт кешенінің аумағында, Рысқұлбеков көшесіндегі «Алма» саябағында, Astana Music Hall (құмыра) маңында және Қошқарбаев даңғылы, 80/1 мекенжайында жағылды.

Есіл ауданында, ЭКСПО аумағында 23 метрлік шырша да жарқырап тұр. Шырша 4000-нан астам ойыншықпен безендірілген, олардың ішінде диаметрі 15-тен 40 см-ге дейінгі шарлар, гирляндалар және т.б. бар. Алаңда сырғанақтар мен мұз айдыны бар, елорда тұрғындары мен қонақтары шағын архитектуралық нысандардың фонында ертегі кейіпкерлерінің жанында суретке түсе алады.

Байқоңыр ауданында бес орында жаңа жылдық шыршалар мына орындарда безендірілді: Жастар сарайының аумағы, К.Ататүрік атындағы саябақ, Ж.Тәшенов көшесінде, Өндіріс тұрғын алабында (Ақбидай мен Кеменгерұлы көшелерінің қиылысы) және Кирпичный тұрғын алабында (Чехоев және Жолымбет көшелерінің қиылысы), «Қоянды» саяжай алабында. Сонымен қатар, ауданда Кеншілер, 5 және Досмұхамедұлы, 6 мекенжайлары бойынша бес метрлік екі шырша орнатылды.

Тамаша!😍

3️⃣ Қазақстандықтардың 48%-ы жұмыс орнын ауыстыруды жоспарлап жүр

2025 жылы қазақстандықтардың 48%-ы жұмыс орнын ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл HeadHunter жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды.

Жұмыс орнын өзгертуге ниетті қызметкерлердің ең көп үлесі мына салаларда байқалған:

* өндіріс пен ауыл шаруашылығы – 63%;
* көлік және логистика – 59%;
* сауда және сату – 55%.
Ал қызметкерлердің жұмыстан шығуына  итермелейтін негізгі себептер:
* төмен жалақы деңгейі – 67%;
* мансаптық өсу мүмкіндігінің шектеулі болуы – 45%;
* ауыр жұмыс жағдайы мен шамадан тыс жұмыс істеу – 38%.

Сауалнамаға қатысқандардың әр сегізіншісі (12%) Қазақстанның басқа өңіріне көшуді қарастырып отыр. Негізгі қызығушылықтары — Астана мен Алматы қаласы.

“Сондай-ақ респонденттердің 20%-ы жаңа мамандықты меңгеруді жоспарлайды. Олардың ішінде ең танымал бағыт – IT саласы. Бұл тренд әсіресе әйелдер арасында жиі байқалады: 2022 жылы әйелдердің тек 18%-ы цифрлық салаға ауысқысы келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 24%-ға дейін өскен”, — деп атап өтті зерттеушілер.

Бұның бір себебі — аз жалақы екен📍