Фильм, Валюта, Ескерткіш. 2 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 декабря, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандық актриса Дариға Бадықова өзінің “Таптым-ау сені 2” фильміне емес, шетелдік “Моана 2” мультфильмін қолдауға барып жатқан қазақстандықтарға ренішін жеткізді

Актриса отандық киноны қолдау оның дамуына әрі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына жол ашатынын атап өтті.

Сіз бұл пікірмен келісесіз бе? Әлде, әмиянына қарай таңдауын жасаған көрермендікі дұрыс па? Жеке шешіміңізді қабылдау үшін арнамыздан аталған екі фильмге арналған шолу материалын тамашалай аласыз.

Айта кетейік, қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің ішінде жоғары касса жинаған “Ойжұмбақ 2” мультфильмі екенін атап өткен жөн. Ол прокатта 131 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Ал қазақстандық фильмдердің арасында жоғары кассаға “Дәстүр” фильмі ие болды. Оның табысы 1,8 миллиард теңгеге жеткен.

Сіз қай туындыны тамашаладыңыз? Өнер иесінің айтқаны жөн бе? 🤔

2️⃣ Алматы облысында Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіш-бюсті ашылды

Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды.

Бұл шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді.
Ескерткіштің ашылу рәсімі Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылды.

«Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ, биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз», — деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Салтанатты рәсімнен кейін қатысушыларға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды.

Тамаша!👍

3️⃣ Елімізде валюта бағамының өзгеруіне байланысты тұрғын үй бағасы қымбаттауы мүмкін

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бірлескен шаралар қабылдауда. Министр валютаның бағамының өзгеруі тек сыртқы экономикалық факторлардың әсерінен болғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол тұрғын үй нарығында бағаның өсуі мүмкін екенін айтты.

“Себебі құрылыс материалдарының импорттық бағасы өсуде”, — деді ол.

Бірақ ол әлеуметтік тұрғын үй бағасының өзгермейтінін алға тартты. Оның сөзінше, мемлекет шаршы метр үшін шекті бағаны өзі реттейді.

Ал сіз үй алып үлгердіңіз бе?