Фильм, Жәрмеңке, Вирус. 10 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 октября, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ “Бауырына салу” фильмі Бакуде бас жүлде алды

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген “Бауырына салу” фильмі Бакуде өткен “Baku International Film Festival 2024” фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.

Туындыны қазылар алқасының төрағасы, “Алтын глобус” сыйлығының иегері Сиддик Байрам жоғары бағалады.

“Бауырына салу” — Орталық Азиядағы ең мазмұнды фильмдердің бірі. Бұл туындыда ұлттық дәстүрдің көлеңкелі жақтары мен бала жанының нәзік психологиясы терең ашылған. Қарапайым ауыл өмірін бейнелейтін фильмнің болашақта да үлкен жетістіктерге жететініне сенеміз”, — деп атап өтті ол.

Фильмнің режиссері — Асхат Кучинчереков. Туынды Қазақстан кинематографистер альянсы мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде “Тұлпар” ұлттық сыйлығының ең жоғары марапатына ие болған еді. Сонымен қатар жақында Қазақстанды халықаралық деңгейде таныстыру үшін Оскар комитетіне ұсынылды.

Құтты болсын!😍

2️⃣ Мүгедектігі бар азаматтар үшін онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді

Tanda Enbek платформасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырмақ.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бос орындар жәрмеңкесін «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен IteachMe қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Кәсіби жұмыскерді іздейтін жұмыс берушілер әлеуметтік жауапкершілікті арттыра отырып, алдын-ала тіркеуден өтуі керек.

Жәрмеңкеге қатысу жұмыс берушіге өзінің жеке кабинетінде жауап берген кандидаттардан түйіндемені сақтауға, мәтіндік форматта онлайн-әңгімелесу өткізуге және Tanda.Enbek.kz порталындағы жеке кабинетте бетпе-бет немесе бейне сұхбатқа лайықты кандидаттарды шақыруға мүмкіндік береді. Жәрмеңкеге қатысу үшін жұмыс берушіні тіркеу туралы толық нұсқаулық сілтемесі бойынша қолжетімді.

18 қазан күні сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін өтеді екен👍

3️⃣ 22 мыңнан астам жеткіншекке папиллома вирусына қарсы екпе салынды

Қыркүйек айының ортасынан бастап елімізде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы болып саналатын адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпыұлттық вакцинациялау басталды.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес жоспарлы түрде 11 жастағы қыздар вакцинамен қамтылады.

Сондай-ақ 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған иммундау жүргізіледі. Бұл маңызды іс-шара елде қауіпті инфекцияның таралуын төмендетуге және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған.

“Қазіргі уақытта иммундау аясында тиісті жастағы оқушы қыздар вакцинациялануда. Вакцинациялау мектептер мен емханалардың медициналық кабинеттерінде, ата-аналардың немесе заңды өкілдердің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдердің арасында ең көп таралған екінші қатерлі ісік және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің екінші себебі болып отыр. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі”, — деп атап өтті ведомстводан.

Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясы екенін дәлелдеді. АПВ вакцинасы өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеді.

”Қазіргі кезде АПВ вакцинасы әлемнің 135 елінде қолданылады. Бірқатар елдерде вакцинациялаудың арқасында әйелдердің арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді. Бүгінгі күні республика бойынша АПВ-ға қарсы вакцинациялаудың күнделікті мониторингінің нәтижелері бойынша 22,2 мың бала, оның ішінде 11 жаста – 14 мың бала, 12-13 жаста — 8,2 мың бала егілді”, — делінген министрліктің ақпаратында.

Абай болыңыздар! 🙌🏻