Футбол, 1 сынып,Концерт. 2 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 Ақпан, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандық футболшы Абат Айымбетов ресми түрде түркиялық “Адана Демирспор” клубына ауысты.

Бұл жайында команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Келісім-шарт 1,5+1 жүйесі негізінде жасалған. Ол түркиялық командада сенегалдық шабуылшы Мбайе Ньянгудің орнын басады.

Абат Айымбетов 1995 жылы 7 тамызда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген.
Футболдағы алғашқы қадамын 2012 жылы “Ақтөбе” командасында бастады. Одан кейін алматылық “Қайрат”, елордалық “Астана” клубтарында ойын көрсетті.

Ұлттық құрама сапында 2019 жылдан бері 35 ойында 9 гол соғып үлгерді. 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында ұлттық құрама сапында 9 ойында 3 голдың авторы атанды.
“Адана Демирспор” 2021/22 жылғы маусымнан бері Түркия суперлигасында ойын көрсетіп келеді. Түркия суперлигасының 23-турынан кейін команда 31 ұпаймен сегізінші орында келеді.

Ал футболшымызға сәттілік тілейміз!🔥

2️⃣ Димаш 30 жас мерейтойына орай Ыстанбұлдың Бешикташ стадионында жеке концертін өткізеді.

Биыл Димаш Құдайберген 30 жасқа толады. Мерейтойының құрметіне орай әнші Ыстанбұлдың Бешикташ стадионында жеке концертін өткізбек.

Бұл туралы мерекелік іс-шаралар ұйымдастырумен айналысатын BWO компаниясы әлеуметтік желіде жариялады.

“Әлемнің қайталанбас дауысы Бешикташ стадионында! Билеттер 9 ақпанда сатыла бастайды. Бұл Димаш Құдайбергеннің 30 жасқа толуына арналған концерт”, – деп жазды BWO компаниясы Instagram желісінде.

Айта кетейік, Бешикташ стадионы аумағына 42 мыңға жуық көрермен сыяды.

Керемет!😍👍

3️⃣ 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі 31 тамызға дейін ұзартылды.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың өтініші бойынша білім беру ұйымдарына қабылдау қағидаларына өзгеріс енгізгенін хабарлады.

Егер бұрын бірінші сыныпқа қабылдау мерзімі 1 сәуірден тамыздың 1-не дейін жүзеге асырылса, енді баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау осы жылы 1 сәуір мен 31 тамыздың аралығында өтеді.
Тек демалыс кезінде ғана мектептен мектепке ауысуға шектеу алынды. Осылайша, жаңа ережелерге сәйкес, балаларды тұрғылықты жері бойынша оқу жылы ішінде мектептен-мектепке ауыстыру мүмкіндігі бар.

“Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау кезеңі тамыздың 25-і аяқталуына байланысты білім алушылардың өтініштерін оныншы сыныпқа қабылдау мерзімі тамыздың 15-нен тамыздың 31-не өзгертілді. Колледжге қабылданбаған білім алушылар мектептің 10-11 сыныптарында оқуын кедергісіз жалғастыра алады”, – делінген министрлік хабарламасында.

Ата-аналар ескере жүрсін!📌