Гүлдер, Ордабасы, Микрокредит. 2 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Жастарға арналған 2,5%-тік микрокредитке құжат қабылдау басталды.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Биыл барлығы 5 796 шағын несие беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта микрокредит алуға өтінім мынадай өңірлерде – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында және Астана қаласында қабылданып жатыр. Қалған өңірлерде өтінім қабылдау жақын арада басталады.

«Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген кезде ескеріледі», – деді еңбек министрлігіндегілер.

Жастар 5 млн теңгеге дейін шағын несие ала алады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-тен аспайды.

Микрокредит 5 жылға беріледі, егер бизнес ауыл шаруашылығымен, мысалы мал өсірумен байланысты болса, 7 жылға дейін беріледі.
Кепілдік қою міндетті саналады. Кепіл ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын) тартуға болады.

Микрокредит алатындар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Жастар өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыруы қажет.

Қажетті құжаттар тізімін министрліктің сайтынан көре аласыздар.

Ал сен өтініш бердің бе? 😉

2️⃣ Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан «Ордабасы» футбол клубымен келісімшартқа отырды.

Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.

«Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан «Ордабасы» футбол клубымен келісімшартқа отырды. Бато кәсіби мансабын «Тараз» сапында бастаған. Бұдан бөлек, «Астана», «Қайрат», ресейлік «Кубань» мен БАӘ-нің «Әл-Айн» командаларында ойнаған», – делінген клуб хабарламасында.
Бауыржан Исламхан 9-нөмірлі жейдеде өнер көрсетеді.

Жаңа бастамасына сәттілік тілейміз!🙌🏻🔥

3️⃣ 10 жыл бұрын жабылып қалған «Гүлдер» ансамблі қайта жанданды.

Қазақ мәдениетінің тарихында орны бар «Гүлдер» ансамблі 10 жылдан соң жұмысын қайта бастады. Бұл туралы «»Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова айтты.

«Гүлдер» ансамбілінің жаңа құрамына қазақ ұлттық хореография академиясының және Алматыдағы хореография училищесінің түлектерін бірнеше сатыдан өткізіп барып, қабылдаған.

Сондай-ақ «Гүлдер» ансамблінің құрамында жаңа «Бентти» инструменталды ансамбль құрылды.

Ансамбльдің қайта оралуымен!😍😍😍