Геннадий Головкин, Дәулет Шабанбай, Үшінші теміржол. 17-ші қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 Қыркүйек, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Сауль «Канело» Альвареске қарсы үшінші жекпе-жектен 45 млн доллардың гонорарын алуы мүмкін. Бұл туралы Elfinanciero басылымы жазды.

Бұған дейін боксшылар өзара келіссөз өткізген. Одан кейін Matchroom Boxing промоутерлік компаниясымен де бір келісімге келді. Сәйкесінше, әрбір боксшы рингке шыққаны үшін ғана бір миллион доллар көлемінде гонорар алады. Оған кепілдік берілген. Геннадий Головкин 8 миллион доллар алады.

Сондай-ақ PPV және басқа да табыс көздері есебінен жалпы гонорары 45 миллион долларға дейін өсуі мүмкін.

Ал Альварес Головкинге қарсы жекпе-жек үшін 65 млн долларға дейін табыс таба алады. Соның ішінде 10 млн базалық төлем болса, қалғаны – трансляция құқығын сату, ақылы қызмет (PPV) пен демеушілік.

Головкин төрт титул үшін таласады. Төртеуі де Канелода. Олар: WBC, WBA, WBO мен IBF. Бұған дейін Головкин орта салмақта ғана өнер көрсеткен.

Жекпе-жек 18 қыркүйек таңғы сағат 8:00-де болады. Оған дейін андеркарттағы жекпе-жектер өтеді. Бокс кеші 5:00-де басталады. Ал Qazaqstan телеарнасы GGG-Канело жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді.

Ертеңгі жекпе-жекте Головкинге жеңіс тілейміз! ✊🏻

2️⃣ Қазақстандық еркін күрес палуаны Дәулет Шабанбай 10 жылдан кейін Олимпиада медалін алды.

Марапаттау рәсімі Белградта өткен күрес түрлері бойынша әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылды. Біріккен күрес әлемі (UWW) мен Халықаралық Олимпиада комитетінің басшылары Дәулет Шабанбайды құттықап, он жыл бұрын өткен Олимпиаданың қола медалін салтанатты түрде табыстады.

«Аллаға шүкір, мен көптен күткен медалімді алдым. Халықаралық Олимпиада комитетіне, Ненад Лалович мырзаға, Біріккен күрес әлемінің президентіне, Ұлттық Олимпиада комитеті мен ұлттық федерация басшылығына алғыс айтамын. Мен арнайы құттықтағаныңыз үшін ризамын. Біздің спортшыларымыз чемпион болсын!», – деді Шабанбай.

Айта кетері, Лондон Олимпиадасында Дәулет Шабанбай еркін күрестен 120 келіге дейін өнер көрсеткен. Сол кезде ол бесінші орынға ие болды. 2019 жылы допинг-сынамаларды қайта тексеру кезінде Лондонда жүлделі орынға іліккен грузин палуаны Давид Модзманашвили мен өзбек спортшысы Артур Таймазовтың сынамасы оң нәтиже көрсетті. Екеуінің медалі кері қайтарылды. Ал Лондондағы жетістіктері жойылды.
Осылайша, Дәулет Шабанбай екі орынға көтеріліп, қол медальдің иегері атанды.

Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ Алматының Боралдай кентінде үшінші теміржол вокзалы салынады.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев қалалық мәслихаттың XXV сессиясында мәлімдеді.
Алматы-3 теміржол вокзалының құрылысын «Қазақстан темір жолы» АҚ ұсынды.

Мұхит Әзірбаев атап өткендей, бұл жолаушылар ағынын азайтуға мүмкіндік береді.

«Қазір Боралдай ауданында магистральді жолдар салу көзделуде. Жаңа вокзал Алматының барлық батыс ауданын қамтиды. Алатау, Наурызбай аудандарының тұрғындары Алматы-2-ге кірмей-ақ, уақытты үнемдей отырып, қалаға жете алады», деді ол өз сөзінде.
Әкім орынбасарының айтуынша, бұл негізгі станцияны жеңілдетеді және Баум тоғайы арқылы екінші тармақ салудың қажеті болмайды.

Жаңа вокзал😍