Геннадий Головкин, Әли Ахмедов, Астана.18-ші қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 18 сентября, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Канелоға қарсы үшінші жекпе-жектен кейін кәсіби карьерасын аяқтамайтынын мәлімдеді.

«Мен кәсіби мансабымды жалғастырамын, ол жағы нақты әрі айқын. Менде жақсы жоспар бар, жақсы ұсыныстар да жоқ емес. Ал Канелоны бүгінгі жеңісімен құттықтаймын. Барлық жанкүйерге алғысым шексіз, бізде өте жақсы жекпе-жек болды. Менде орта салмақта әлі үш белбеу бар. Мен қайта ораламын, жігіттер!
Мен әлі де чемпионмын», — деді GGG.

Головкин орта салмақта өнер көрсетеді. Осы жолы Альвареспен кездесу үшін екінші орта салмаққа көтерілген болатын. Головкин бұл жекпе-жекті не себепті сылбыр бастағанын да түсіндірді.

«Жекпе-жекті неге жаман бастадым дейсіңдер ғой, бұл – жоғары деңгейдегі бокс. Канелоның кім екенін бәрі біледі. Онымен бір қателіқ жіберсең, бітті, жекпе-жек аяқталады. Бір соққы, жекпе-жекте жеңілесің. Бетімізге қараңызшы, екеуімізде де таза. Бұл жоғары деңгейдегі бокс, үздік дайындық, сапасы өте жақсы», — деп атап көрсетті Гена.

Головкин біз үшін әрқашан чемпион!✊🏻

2️⃣ Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов (18-1-14 КО) америкалық Габриэль Росадоны (26-15-1, 15 КО) айқын басымдықпен жеңіп, суперорта салмақта WBC Silver мен IBF North American титулының иегері атанды.

Жекпе-жек Лас-Вегас қаласында «Головкин-Канело» бокс кеші аясында өтті. 27 жастағы Ахмедов ұпай санымен Росадоны жеңді. 36 жастағы боксшы осымен 16-шы рет ұтылып отыр. Ал Ахмедов 19 жеңісіне қол жеткізіп, суперорта салмақта WBC Silver мен IBF North American титулының иегері атанды.
Айта кетері, 2013 жылы Росадо Головкинмен жұдырықтасқан. Сол кезде америкалық боксшы жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді.

Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ Елордаға бұрынғы атауы қайтарылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының елордасы — Нұр-Сұлтан қаласының атауын Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.

«Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес қаулы етемін:

1. Қазақстан Республикасының елордасы — Нұр-Сұлтан қаласының атауы Қазақстан Республикасының  елордасы — Астана қаласы деп өзгертілсін.

2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген Жарлықта.
Бұған дейін Сенат пен Мәжіліс депутаттары елорда атауын өзгертуді қолдап, дауыс берген болатын. Елорда атауын Астана деп өзгерту «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген. Елорда мәслихатында қоғамдық тыңдаулар өтіп, онда депутаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдады.

Бұл өзгеріске қалай қарайсың?🤔