Головкин, КазНу, Мұғалімдер. 10 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Головкин WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан ресми түрде бас тартты.

Қазақстандық тұрақты чемпион Эрисланди Ларамен жекпе-жек үшін промоутерлік сауда-саттыққа қатыспайтын болды. Нәтижесінде кубалық жекпе-жексіз толыққанды чемпионға дейін көтерілді.

Бұған дейін Головкин IBF белбеуінен бас тартқан еді. Енді онда IBO титулы ғана қалды – бұл маңыздылығы жағынан небәрі бесінші ұйым.
WBA белбеуін Головкин Риота Муратадан 40 жасқа толғаннан кейін ертесі күні жеңіп алған болатын. Бірақ сол күйі қорғап үлгермеді.

8 сәуірде Геннадий 41 жасқа толады, ол қазіргі боксшылар арасында (кейбір басылымдар/арналар IBO белбеуін есепке алмайды) ең жасы үлкен әлем чемпионы болды.

Головкиннің бұл шешіміне қалай қарайсың?🤔

2️⃣ Тоқаев Қазақ ұлттық университетінің халықаралық мәртебесін нығайтуды тапсырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады.

Кездесу барысында мемлекет басшысына университеттің академиялық, ғылыми-зерттеу, инновациялық қызметінің нәтижелері және оқу орнын дамытудың жаңа бағыттары мен перспективалары баяндалды.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, бүгінде университетте 24 мыңнан астам студент, соның ішінде әлемнің 54 елінен 2,8 мың шетелдік азамат білім алады. 542 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, ғылыми орталықтар мен ғылыми жобалар саны артқан.

2022 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, БАӘ және Түркияның жетекші университеттерімен 30-дан астам келісімшарт жасалған. Ыстанбұл және Бішкек қалаларында ҚазҰУ-дың филиалдары жұмыс істейді. Алматыда университет базасында МИФИ (Мәскеу) филиалы ашылды.
Сондай-ақ былтыр оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы көтерілген. Оқу ғимараттарына, зертханаларға, жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сот шешімі бойынша ҚазҰУ меншігіне екі жер учаскесі қайтарылды.

Президент университетті одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті және жоғары оқу орнының халықаралық мәртебесін нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту қажет екеніне назар аударды.

ҚазҰУ-ға түскісі келетін жандар бар ма?😍

3️⃣ 5 қазан мұғалімдердің кәсіби мерекесі болып бекітілді.

«Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазанның бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді», – делінген Үкімет сайтында.

«Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі», – делінген хабарламада.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.

Бұл әлемнің 100-ден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді👍📌