Грант, Телерадио, Микрокредит. 4 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 04 октября, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Жастардың 4,5 мыңнан астам жобасына жеңілдетілген микрокредит беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредит алуға 6,7 мың өтінім түскен.

Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 4 502 жоба мақұлданды.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.

«Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (910), Жамбыл (651), Қызылорда (565), Батыс Қазақстан (437), Қарағанды (426) облыстарынан және Шымкент қаласынан (409) түсті», — деп жазылған хабарламада.

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 4 502 жоба мақұлданды, оның ішінде 3 914 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.

Сондай-ақ микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.
Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепіл қою міндетті шарт болып саналады. Осы жылдың қыркүйегінен бастап жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілді.
Сонымен, кепілмен қамтамасыз ету ретінде қосымша қабылданады:

екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;

республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік;

жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;

жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;

бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;

мамандандырылған техника.
Кепілзат болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.

Қажетті құжаттар тізімі:

1. жеке басын куәландыратын құжат;
2. жоба бойынша бизнес-жоспар;
3. шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
4. кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
5. қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
6. кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.

Микрокредит мөлшері 5 млн теңгеге дейін болады.💸

2️⃣ Қазақстанда 8-16 қазан аралығында байланыс пен телерадио хабар тарату нашарлайды.

Бұл туралы «Қазтелерадио» АҚ мәлімдеді.

«Қазтелерадио» АҚ 2023 жылғы 8-16 қазан аралығында байланыс және хабар тарату арналарының сапасы нашарлауы мүмкін екені туралы хабарлайды», — делінген хабарламада.

Жақындарыңызға ескертіп қойыңыз!☝🏻

3️⃣ «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім беру 26 қарашаға дейін жалғасады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 26 қыркүйекте Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурс жариялады.

Конкурстың басты мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

Гранттар 5 бағыт бойынша беріледі:

* «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
* «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
* «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
* «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
* «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.

Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 26 қыркүйектен 26 қарашаға дейін электрондық нұсқада t.urpaktary2023@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады және:

1) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық өтінім;
2) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
3) жоба бойынша (60 секундтан аспайтын) бейнематериал немесе (10 слайдтан аспайтын) презентация;
4) 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындар сметасының жобасы;
5) PDF форматындағы зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса);
6) PDF форматындағы жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі болуы тиіс.

Байланыс нөмірі: 8 (7172) 74-12-78.
Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/625498?lang=kk

Осы жылы 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.😍 Сіз де қатысып, бағыңызды сынап көріңіз!👍