Грэпплинг, Грант, Пойыз.23 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 23 Тамыз, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандық студент Ахметжан Ерасыл грэпплингтен әлем чемпионы атанды.

Бірінші курс студенті Ахметжан Ерасыл Варшавада грэпплингтен әлем чемпионы атанды. Қуанышты жаңалықты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бөлісті.

Ахметжан Ерасыл дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясына 1 курсқа мемлекеттік грантпен оқуға түскен.

Варшава қаласында өткен Әлем чемпионатында отандасымыз грэпплингтен және грэпплинг гиден екі алтын медаль жеңіп алды.
«Ерасылдың табандылығы, қажырлы еңбегі мен спортқа деген адалдығының арқасында осындай жетістікке қол жеткізіп, Отанымыздың көк туын әлем чемпионатында жоғары белестен таныта білді», – деген министр Ерасылға спортта және оқуда тек жаңа жетістіктер тіледі.

Грэпплинг – жекпе-жектің бір түрі.

Жеңісті күндер көп болсын!✊🏻👏🏻

2️⃣ Магистратура бойынша мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, білім беру гранттарын тағайындау конкурсына барлығы 14 612 адам қатысты. Оның 8 359-ы грант иегері атанды.

Мемлекеттік білім гранттары республикалық комиссияның қорытындысы негізінде тағайындалған. Магистратураға грант иегерлерінің тізімі бүгін министрліктің сайтында және Telegram-арнасында жарияланды.

https://t.me/gylym_jogary_bilim

Грант иегері атанған таныстарыңыз болса, құттықтап қойыңыздар!🔥

3️⃣ 15 пен 25 жас аралығындағы жастарға пойыз билетіне 25%-дық жеңілдік жасалады.

Бұл туралы»Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Жастар» жеңілдік картасымен 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушылар қала маңына қатынайтын пойыздарда 25 пайыздық жеңілдікпен жүре алады», – делінген хабарламада.

Бұған дейін мұндай жеңілдік Алматы 2 – Орал, Алматы – Петропавл, Алматы 2 – Маңғыстау, Атырау – Алматы 2, Нұрлы жол Астана – Шымкент бағытында қатынайтын коммерциялық пойыздарға (турист, купе, плацкарт) ғана жасалды.

Қазір жеңілдік картасы пилоттық режимде жөнелту күні 2023 жылғы 01 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейінгі аралықты құрайтын қала маңы пойыздарына қолданылады.

Енді жиырмадан астам бағытқа пойыз билетін сәл арзанға сатып алуға болады😍