Хатшы, Турнир, Демалыстар. 6 қарашаның топ жаңалықтар

Автор: редактор 06 Қараша, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ 2024 жылы қазақстандықтардың қалай және неше күн демалатыны белгілі болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылғы демалыс күндері туралы түсініктеме берді.

Жаңа 2024 жылға арналған ресми демалыс күндері – 1, 2 қаңтар. 2023 жылдың соңғы сенбі-жексенбісі 30 және 31 желтоқсанға сәйкес келеді. Осылайша, аптасына 5 күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 4 күн қатарынан демалысқа шыға алады.
Содан кейін 3,4,5 қаңтар – жұмыс күні. Ал 7 қаңтар – Рождество мерекесі жексенбі болғандықтан, қосымша демалыс күні берілмейді. Сәйкесінше, 5 күн жұмыс істейтіндер 6,7 қаңтарда әдеттегідей демалады.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні 2024 жылы жұма күніне келеді. Осылайша, 5 күндік жұмыс аптасындағы қазақстандықтар 8,9,10 наурыз күндері үш күн қатарынан демалады. Алты күндік жұмыстағылар 8 наурыз демалып, сенбі – 9 наурызда жұмысқа шығады.

Наурыз мерекесі 21-23 наурыз – бейсенбі, жұма, сені күндеріне түседі. Сенбі күнгі демалыс дүйсенбі – 25 наурызға ауыстырылады. Яғни, аптасына 5 күн жұмыс істейтіндер 21, 22, 23, 24, 25 наурыз күндері бес күн демалады. Ал 6 күн жұмыс істейтіндер 21, 22, 23, 24 наурызда төрт күн демалып, дүйсенбі 25 наурызда жұмысқа шығады.

«ҚР мерекелері туралы» заңның 3-бабына сәйкес, мамыр айында қазақстандықтар үш мерекені тойлайды: 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі; 7 мамыр – Отан қорғаушы күні; 9 мамыр – Жеңіс күні. Барлық мереке күндері аптаның ортасына түседі (1 мамыр – сәрсенбі, 7 мамыр – сейсенбі, 9 мамыр – бейсенбі). Сондықтан қазақстандықтар бір күн демалып, бір күн жұмыс істейді және тағы бір күн демалып, тағы демалысқа шығады. Әзірге министрлік мереке күндерін ауыстыру туралы еш шешім қабылдаған жоқ.

Дәлірек айтқанда, 5 күн жұмыс істейтіндер 1 мамырда демалып, 2-3 мамырда жұмыс істейді, 4-5 мамырда (сенбі-жексенбі) демалады. Дүйсенбі 6 мамырда жұмыс істеп, 7 мамырда демалады, 8-і күні тағы жұмыс істеп, 9 мамырда демалады. 10 мамыр жұма күні жұмысқа шығып, 11-12 мамырда демалады.

Алты күндік жұмыс аптасында 1 мамыр – демалыс, 2,3, 4 мамыр – жұмыс, 5 мамыр – демалыс, 6 мамыр – жұмыс, 7-сі – демалыс, 8-і – жұмыс, 9-ы – демалыс, 10,11 мамыр – жұмыс, 12 мамыр – жексенбілік демалыс.
2024 жылы Құрбан айт мерекесі шамамен 16 маусымға сәйкес келеді, бұл күнді Еңбек министрлігі діни басқармамен бірлесіп белгілейді. Бұл күн жексенбі болғандықтан, қосымша демалыс күні берілмейді.

6 шілде – Астана күні мемлекеттік мереке болып саналады. Келер жылы бұл күн сенбіге түседі, сондықтан 5 күн жұмыс істейтіндер үшін демалыс күні дүйсенбі 8 шілдеге ауыстырылады және үш күн қатарынан демалады. Ал 6 күн жұмыс істейтіндер 8 шілдеде жұмысқа шығады.

30 тамыз – Конституция күні де мемлекеттік мереке. 2024 жылы бұл күн жұмаға түседі, бес күн жұмыс істейтіндер 30,31 тамыз және 1 қыркүйек күндері тағы да үш күн демала алады. Алты күндік жұмыста 30 тамыз – демалыс, 31 тамыз – жұмыс, 1 қыркүйек – жексенбілік демалыс.
Өткен жылы 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі қайта оралған еді. Бұл күн де 2024 жылы жұмаға сәйкес келеді және үш күн демалу мүмкіндігі болады. Алты күн жұмыс істейтіндерге 25 қазан – демалыс, 26 қазан – жұмыс, 27 қазан – жексенбілік демалыс.

Жылдың соңғы мерекесі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Келер жылы Тәуелсіздік күні дүйсенбіге түседі. Демек, 5 күндік жұмыстағыларға 14, 15, 16 желтоқсан – демалыс. Ал 6 күндік жұмыстағылар – 14 желтоқсан жұмыс істеп, 15, 16 желтоқсанда демалады.

Жалпы демалыс күндерінің көп болғанын қолдайсыз ба?🤔

2️⃣ Бейбіт Жұқаев АҚШ-тағы «Челленджер» турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстандық Бейбіт Жұқаев Шарлотсвилл (АҚШ) «Челленджер» турнирінің финалында ATP рейтингінде 376-шы орында тұрған америкалық Эйдан Майоны 6:3, 6:4 есебімен ұтты.

23 жастағы қазақстандық өзінің спорттық мансабында алғаш рет «Челленджер» чемпионы атанды. АҚШ-тағы турнирде жеңіске жеткені үшін ол 75 рейтингтік ұпай мен 10 840 доллар сыйақы иеленді. Ол ITF нұсқасында бес финалға шыққан болатын, бірақ олардың барлығында Жұқаев жеңіліп қалған болатын.

Осы жеңісінің арқасында Бейбіт ATP жаңартылған рейтингінде 247-орыннан 193-орынға көтеріліп, спорттық мансабында алғаш рет үздік 200 теннисшінің қатарына еніп, ресми түрде Қазақстанның екінші ракеткасы атанбақ.

Спортшы үздік 200 теннисшінің қатарына енді. Құтты болсын!👏🏻✊🏻

3️⃣ Дінмұхамед Қонаевтың жеке хатшысы өмірден өтті.

Дінмұхамед Қонаевтың жеке хатшысы Зинаида Жукова қайтыс болды. Бұл туралы Дінмұхамед Қонаев музейі хабарлады.

«Д.А. Қонаев музей ұжымы Дінмұхамед Ахметұлының 1964-1986 жылдар аралығында жеке хатшысы болған Жукова Зинаида Петровнаның (26.03.1924-04.11.2023) жүз жасқа таяған шағында 4 қараша күні дүниеден озғаны жайында қайғыра хабарлайды! Туыс -туғандарына қаймыға көңіл айтамыз», – деп жазды музей ұжымы.

Иманды болсын!🤲🏻