Хиджаб, Түркия,Шахмат. 11 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 11 сентября, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанның шахматшы қыздары алғаш рет әлем чемпионатының финалына шықты.

Жартылай финалда шахматшы қыздарымыз бірінші матчта Франциядан 1:3 есебімен ұтылса да, келесі ойында реванш алып, ұпай басымдығымен финалға шықты. Команда құрамында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай, Меруерт Қамалиденова, Алуа Нұрманова мен Әмина Қайырбекова бар.

Финалда қазақстандық шахматшылар Грузия құрамасымен кездеседі. Олар жартылай финалда АҚШ командасын жеңген.

Финал бүгін кешкі сағат 18:00-де басталады.

Айта кетері, командалық әлем чемпионаты Польшада өтіп жатыр. Бұл турнир 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстан ширек финалдан аспай келген.

Құтты болсын!😍👍

2️⃣ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Бұл туралы шенеунік Facebook-парақшасында бөлісті.

«Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз — зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті — ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын», — деді министр.

Еске салайық, бұған дейінгі Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына «хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме» деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.
«Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз», — деген еді шенеунік.

Ал сіздің ойыңыз қандай?🤔

3️⃣ Қазақстанда түркиялық жетекші оқу орындарының филиалдары ашылады.

Бұл туралы inform.kz мәлімдеді.

Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездескен ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытындағы жобаларды таныстырды.

«Тарихы, тілі және құндылықтары бір елдеріміздің мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтіп, нақты іс-шаралар өткізу маңыздылығын атап өттік. Түркияның жетекші университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашу мәселесі пысықталуда. Қос диплом бағдарламаларын іске асыру бойынша Түркия жоғары оқу орындарымен тиімді өзара іс-қимыл жасалуда», — деп келіссөздер нәтижесімен бөлісті Мұрат Нұртілеу.

Ведомство басшының айтуынша, Түркияда оқитын студенттер саны соңғы үш жылда 2900-ден 8200-ге дейін өскен.

Керемет!🔥