Иманғали Бектұрсын, Медаль,Дабыл. 27 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Ақпан, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Вашингтонда 5-сынып оқушысы Иманғали Бектұрсын қазақ тілін үйретудің тың тәсілін ойлап тапты.

Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.

Жалпы АҚШ-та тұратын қазақтар үшін ана тілін ұмытпау өзекті мәселе. Баласының қазақша сөйлеуіне ата-аналар да мүдделі болғандықтан жыл сайын тілдік курстарға сұраныс та артып келеді. Вашингтон қаласында екі бірдей тіл курсы жұмыс істейді. Қазақстан елшілігі өзге штаттардан түскен өтініштерді ескере отырып, «Отандастар» қорымен бірлесіп, онлайн форматта қазақ тілін үйрету мәселесін пысықтап жатыр.
Иманғали Бектұрсын АҚШ-қа былтыр күзде келген. 500 ғалым жобасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан анасы Жазира Сайын сенбі сайын Америкадағы балаларға қазақша үйретеді. Ол құрдастары мен іні-қарындастарының қазақшаға шорқақ екенін күнде көріп жүр. Бір жағынан анасына көмектескісі келіп, екінші жағынан ойын арқылы тілді оңай меңгеруге болатынын түсінеді. Сөйтіп Roblox-та қарапайым тапсырмалар жасайды.

«Ол ойын платформасы, қалаған адам өзі ойын істеп, сол платформаға сала алады», – дейді Иманғали Бектұрсын.
Балалар арасында өте танымал Roblox платформасының мүмкіндігі мол. Кез келген пайдаланушы өзінің ойынын құрастырып, виртуалды әлемде түрлі тапсырма орындай алады. Мета кеңістікте өзара кездесіп, сауда жасап, үй жануарларын асырап, түрлі маман иесі сияқты жұмысқа да баруға болады.

«Тауықтың қазақша қалай болады? Мұнда таңдау бар. Бақа немесе тауық. Бақаға кірсе, ойын қайта басталады. Тауыққа кірсе, ойын жалғаса береді», – деп түсіндірді 5-сынып оқушысы.

Қазақ тілі клубына келіп жүрген бүлдіршіндердің көбі шет елде дүниеге келген. Сабақ барысында өздерін таныстырған балалардың бірі – Лондонда, енді бірі Малайзияда, Монғолияда туған. Дипломат ата-ана баласының ана тілін құрметтейтін азамат болып өскенін қалайды. Сондықтан сенбі сайын ешкім сабақтан қалмайды.

Қазақи орта жоқ, әрине оларға қазақ тілін үйрену қиын. Сондықтан АҚШ-тағы елшілік қазақ тілі клубын ашып, еріктілерді тартып жатқаны жақсы бастама», – дейді ДЖ. Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтуші Жазира Сайын.

Жазира Сайын АҚШ-та сабақ оқу үшін мектепке қуана баратын бүлдіршіндер қазақша клубқа да өз еріктерімен, жайдары көңіл-күймен келгенін қалайды. Сол үшін тапсырманы үйіп-төкпей, еркін форматта, ойын түрінде өткізеді. Басты міндет – әр баланың көкейіне қазақ еліне деген сүйіспеншік қалыптастырып, ертеден ана тілін сіңіру.

Дарынды жастарымыз көбейе берсін!😍👏🏻👏🏻

2️⃣ 1 наурызда бүкіл Қазақстан бойынша дабыл жүйесі іске қосылады.

Төтенше жағдай министрлігі осылайша құлақтандыру жүйесін тексеруді жоспарлап отыр.

«Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні аясында 2023 жылғы 1 наурызда сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеріс жүргізу жоспарланған», – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Министрлік төтенше жағдайлар туралы халықты құлақтандыру және хабардар ету – тұрғындарды қандай да бір апаттың немесе жойқын әсердің теріс салдарынан қорғауға мүмкіндік беретін негізгі қауіпсіздік шарасы екенін атап өтті.

Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында аз уақытқа электр сиреналары және сиреналық-сөйлеу құрылғылары (дауыс зорайтқыштар) қосылады. Сондай-ақ телевизиялық және радиоарналар эфирін ұстап қалу, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларда ақпарат орналастыру көзделіп отыр.

«Баршаның назарына!» дыбыстық сигналы – бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындағанда барлық шұғыл хабарламаны берудің алдында халықтың назарын аудару үшін жасалатын ескерту сигналы. Дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу керек, туындаған жағдай кезінде әрекет ету бойынша нұсқаулық алу үшін интернет-ресурстардағы және мобильді қосымшалардағы ақпаратты оқып шығу керек», – деп түсіндірді ТЖ министрлігі.

Сонымен қатар, қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы де тексеріледі.
Құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеріс жүргізу құлақтандыру жабдығын әзірлікте ұстауға және халықты ықтимал төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған, деп мәлімдеді ТЖМ.

Ескере жүріңіз!📌

3️⃣ Қазақстандық мергендер халықаралық турнирде 13 медаль жеңіп алды.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Стендтік ату бойынша Азия Кубогы мен «Кувейт Гран-приіне» әлемнің түкпір-түкпірінен 350-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан намысын 28 мерген қорғады. Олар екі турнирде топ жарып, барлығы 13 медаль жеңіп алды. Соның ішінде 6 алтын, 4 күміс және 3 қола бар.
Спортшылар барлық медальді «скит» – дөңгелек стендтен ату жарысында иеленді.
Азия Кубогының алтыны:

Ольга Панарина мен Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Ольга Панарина бастаған әйелдер құрамасы;

Данил Стрельцов пен Адель Садақбаева бастаған жасөспірімдер құрамасы;

микс-команда – Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко
Күміс медаль:

Эдуард Ещенко, Юнус Мачжон және Артем Седельников (ерлер құрамасы);

Илья Пеньков пен Амалия Кудрявцева (жасөспірімдер командасы);

Зоя Кравченко мен Юнус Мачжон (аралас команда)
Қола медаль:

Әсем Орынбай;

Эдуард Ещенко;

Эвелина Шек
Ал ең беделді «Кувейт Гран-приі» алтын жүлдесін Зоя Кравченко жеңіп алды. Осы жарыста оған тең келер спортшы болмады.

Айта кетері, Азия Кубогы мен «Кувейт Гран-приі» 2 наурызда аяқталады.

Құтты болсын!🔥👍