Imanbek, ҰБТ, Ақмарал Науатбек. 28 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 28 Сәуір, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Қазақстан ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу басталды.

Тест орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, биыл тіркелу тәртібіне өзгеріс енгізіліп отыр. Бұрын талапкерлер тест тапсыруға бірден екі мүмкіндікке тіркелсе, осы жолы әрбір тіркелудің өз кезеңі болады.

«Биыл 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында бірінші мүмкіндікке тіркеледі. Ал 6-14 мамыр аралығында екінші мүмкіндік беріледі. Осылайша, талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Биылғы түлектер үшін тегін, ал былтырғы түлектер тестті ақылы түрде тапсырады», – дейді Емелбаев.

Айта кетері, ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.

Ал сенің дайындығың қалай?🤔

2️⃣ Imanbek әйгілі британдық Def Leppard тобымен трек шығарды.

Қазақстандық музыкант, диджей, Грэмми сыйлығының иегері Imanbek белгілі британдық топпен бірлесіп жаңа ән шығарды.

Оның айтуынша, аталмыш коллаборация заманауи ремейкте классикалық металл-бэнгер жасауға көмектескен. Сонымен қатар ол бүгінде әлемдік рок тарихындағы ең танымал композициялардың бірі жас буын арасында екінші рет, жаңа мәнге ие болатынын атап өтті.

Жаңа музыкалық туынды эклектиканы жаңа деңгейге көтеріп, стильдердің үйлесімін ғана емес, дәуірлерді де біріктірді. «Pour Some sugar On Me» бүгіннен бастап барлық платформаға шықты.

Керемет, тректі тыңдап үлгердің бе?😍

3️⃣ Ақмарал Науатбек парадзюдодан Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

48 келіге дейінгі салмақтағы А.Науатбек J2 (көзі нашар көретіндер) санатында күміс медаль жеңіп алды.
«Бүгін Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым. Мақсат – өз елімізде өтіп жатқан әлемдік жарыста «алтын» алып, Әнұранымызды шырқату болатын. Өкінішке қарай, өз қателігімнен қолда бар «алтыннан» айырылып қалдым. Маған үміт артқан барша жанкүйерден кешірім сұраймын.
Бұл менің әлем чемпионы ретінде қатысқан алғашқы жарысым еді. Осы қателігімнен сабақ алып, келесі жарысқа аянбай еңбек етемін.
Дзюдодағы басты мақсатым – Паралимпиада ойындары. Бар күш-жігерімді осы мақсатымды бағындыруға жұмсаймын», – дейді Ақмарал Науатбек.

Құтты болсын!👏🏻