Интернет, Емтихан,Тыйым. 11 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 11 Сәуір, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Түркістан облысындағы мектептер Илон Масктың интернет желісіне қосыла бастады.

Өңірдегі шалғай ауылдарда орналасқан 330 мектеп Starlink желісімен жұмыс істейді.

Түркістан облысындағы 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с аралығындағы интернет желісі орнатылған. 33 мектеп жуырда оптикамен қамтылады.

Бұдан бөлек, 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с – 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Бүгінде аталған білім ұяларының 200-ден астамы Илон Масктың Starlink спутниктік интернетіне қосылды. Қалған ауылдар сәуір айының соңында жаңа желімен жұмыс жасауды бастайды.

“Қазіргі таңда облыс аумағында 203 мектепте Starlink спутниктік интернет желісінің құрылғылары орнатылды. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Қалған мектептерде интернет желісінің құрылғыларын орнатуды биыл сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонда Түркістан облысында мектептердегі интернет мәселесі толық шешімін табады”, – деді Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов.

Тамаша! 🔥

2️⃣ Тасқыннан қатты зардап шеккен өңірлердегі оқушылар емтихандар мен сынақтардан босатылды.

Су тасқынынан аса зардап шеккен өңірлердегі оқушылар ағымдағы емтихандар мен сынақтардан босатылды.

Оқу-ағарту министрлігі атап айтқандай, Атырау мен Ақтөбе облысындағы оқушылар үшін БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды. Бұл туралы республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы хабарлады.

«Білім алушылардың білім жетістіктері мониторингінен Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан 28 мектеп босатылды. Алты өңірде мониторинг 15 сәуірден 22 сәуірге ауыстырылды (Ақмола, Атырау, Ақтөбе, СҚО, Қостанай және БҚО). Қалған өңірлерде оқу штаттық режимде жүргізілуде», – деді спикер.

Министрлік оқу процесін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Эвакуациялық пункттердегі балаларды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда 2393 бала оқу процесін ұйымдастырумен бірге орналастырылды:

бастауыш сынып оқушылары сауықтыру орталықтарына ата-аналарымен бірге жіберіледі;

орта буындағы оқушылар республикалық маңыздағы инновациялық мектеп лицейлердің жатақханаларына орналастырылады («Дарын», РФММ, БИЛ және НЗМ);

жоғарғы сынып оқушылары (9-11 сыныптар) уақытша колледждерге орналастырылады.
«Министрлік балаларға қосымша 3182 орын әзірлеп қойды», – деді ведомствоның ресми өкілі.

БЖБ мен ТЖБ алынып тасталған екен📍


3️⃣ Педофилдер мен экстремистерге Қазақстанға кіруге тыйым салынады.

Заң шығарушылар кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасау қылмысы үшін бұрын сотталған шетелдіктердің Қазақстанға келуіне және Қазақстан азаматтығын алуына тыйым салуды көздеп отыр.

Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын компанияларды тексеру заңнамалық деңгейде реттеледі.
Төтенше жағдай кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттар, егер оларды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, заңды күшінде қалады.

Егер адам Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін шетел паспортын пайдаланатын болса, ол Қазақстан азаматтығынан айырылады. Қолданыстағы заңнамада республика азаматтығынан айыру тек шет мемлекеттің азаматтығын алған кезде ғана қарастырылған.

Қала берді заңға өңірлерге көшіп келушілерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер енгізілуде.

Сондай-ақ экстремистік немесе лаңкестік әрекетке қатысы бар тұлғалар елге кіре алмайды.👍