Ипотека, Көлік,Кене.23 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 23 Сәуір, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ 1 мамырдан бастап Қазақстанда «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы басталады.

«Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, бағдарламаның шарттары келесідей болады:

* әлеуметтік осал азаматтар үшін жылдық 7% мөлшерлеме;
* қалған санаттағы азаматтар үшін жылдық 9% мөлшерлеме;
* 20% – бастапқы жарна;
* 19 жылға дейін – несиелеу мерзімі.

«Қазақстанның барлық азаматтары, сондай-ақ 18 жастан 63 жасқа дейінгі қандастар үміткер бола алады. Бірақ, соңғы бес жыл ішінде сізде жылжымайтын мүлік немесе меншік құқығындағы жылжымайтын мүлік бойынша әрекеттер болмау керек. Сондай – ақ, алдыңғы «Отау» бағдарламасынан айырмашылығы, біз депозит мерзімі бойынша шарттар қоймаймыз, яғни сіз депозитті 30 Сәуірде ашып, 1 млн теңгеге толықтыра аласыз және іріктеуге қатыса аласыз», – деп атап өтті Нұрлан Ақшанов Үкіметтегі брифингте.

Шаттары да белгілі болыпты👍 Сіз де қатысып көріңіз!

2️⃣ Көктемнің басынан бері 212 алматылықты кене шақты.

Алматыда көктемнің басынан бері кене шаққан 200-ден астам адам, медициналық ұйымдарға көмекке жүгінген. Бұл туралы қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының хабарлауынша, кене белсенділігі маусымы басталғаннан бастап 2024 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша медициналық ұйымдарға кене шабуылына байланысты өтініштер саны 2023 жылғы 263 зардап шегушіге көмек көрсеткен кезеңмен салыстырғанда 19,3% – ға төмендеді.
«Кене шағып алған 14 жасқа дейінгі балалар саны 59,4%, бұл 126 бала. Барлығына шұғыл медициналық көмек көрсетілді, көрсеткіштер бойынша кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілді. Биылғы жылдың басынан бері кене инфекциясы тіркелген жоқ», – деп атап өтті Алматы СЭК басшысы.

Мегаполисте орман алқаптарын, халықтың жаппай демалатын жерлерін – саябақтарды, скверлерді кенеге қарсы өңдеу жалғасуда. Ағымдағы жылдың 22 сәуіріндегі жағдай бойынша барлығы 1478,974 га (62,4%) өңделді, оның ішінде орман алқаптары – 1017,338 га. Қаланың барлық аудандарының қалалық саябақтары мен скверлерінде өңдеу толық көлемде жүргізілді.

Сақ болыңыздар!🙌🏻

3️⃣ Қазақстанның екі өңірінде көлік қозғалысы шектелді.

Қостанай облысы
2024 жылғы 23 сәуірде сағат 18:15-те еріген қар суының салдарынан «Екатеринбург-Алматы» автомобиль жолының 686-729-шақырымының (Сарыкөл ауылы – СҚО шекарасы учаскесі) жүру бөлігін су алуына байланысты көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

Солтүстік Қазақстан облысы
2024 жылғы 23 сәуірде сағат 18:15-те Қостанай облысынан еріген қар суының өтуіне байланысты «Екатеринбург-Алматы» автомобиль жолының 729-768-шақырымы аралығында (Қостанай облысының шекарасы – Тоқсан би ауылының учаскесі) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

Құлаққағыс етіп қойыңыз!📌