Ислам Қадыров, Turan Barysy, Ришат Галиахметов.29-шы қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 29 Қазан, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Түркістанда алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен «Turan Barysy» Азия кубогы басталды.

Жарысқа Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысып жатыр.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлайды.

«Қазақ күресі – түркі жұртына етене жақын өнер түрі. Байырғы бабаларымыз балуандықты нағыз жігіттің ерекше сипаты деп білген. Қазақ күресі бұған дейін де «Әлем Барысы», «Еуразия Барысы», «Қазақстан Барысы» секілді жобаларымен халыққа, әлем жұртына кеңінен таныс. Бүгін тұсауын кескелі отырған «Turan Barysy» болашақта спортсүйер қауымның қызығып тамшалайтын үлкен жобасына айналады деп сенемін», – деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Спортшылар жеті салмақ санатында белдеседі: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта.
Турнирдің ашылуында жеребе тарту рәсімі өтті. Бірінші топта Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан құрамалары, екінші топта Қырғызстан, Түркия, Қазақстан құрамалары өзара мықтыны анықтайды.

Тамашалауға барасың ба?😍🔥

2️⃣ Қазақстан спортшысы Ришат Галиахметов гір көтеруден әлем чемпионы атанды.

Үндістан елінің Нью-Дели қаласында гір көтеру спортынан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Додаға қатысқан атыраулық спортшы 95 келі салмақта гір тасын көтеруден әлем чемпионы атанды.

Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі байрақты жарысқа әлемнің 13 елінен 234 атлет қатысып жатқанын хабарлайды.

Атырау облысынан үш спортшымыз қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде 95 келіде Ришат Галиахметов әлем чемпионы атанса, енді екі спортшымыз Досқали Досқалиев 90 келіде, Алпамыс Айтмуханов 73 келіде бақ сынайтын болады.
Аға жаттықтырушы Сергей Гридчин
Бұл спорт түрімен атыраулық спортшылар, соның ішінде Ришат Галиахметов 10 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Ол биыл Щучинск қаласында өткен Азия чемпионатында да алтын жүлдеге ие болған еді.

Құтты болсын!✊🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ Атыраулық ағылшын пәнінің ұстазы Ислам Қадыров оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын TikTok арқылы арттыруда.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ислам Қадыров Атыраудағы №41 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол сабақта ойын тәсілін қолданады. Соның арқасында ұстаздың сабақтары әрдайым қызықты өтеді. Оқушылардың ата-аналарының айтуынша, Ислам Қадыров келгелі ағылшын тілі балалардың сүйікті пәндерінің біріне айналған.
Ұлым 4-сыныпта оқиды. Маған мұғалімнің сабақты өткізу тәсілі мен әдістемесі ұнайды. Бұрын сабаққа барғысы келмейтін ұлым енді мектепте ағылшын тілі ең сүйікті пән екенін айтады. Басқа балалардың да ағылшын тілін үйренуге қызығушылықтары артты. Балалар мектепке қуана барып, әрқашан жақсы көңіл-күймен оралады. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын, – дейді балалардың ата-аналарының бірі.

Ислам Қадыров алты жылдан бері ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Айтуынша, бала кезінен ұстаз болуды, алған білімін балалармен бөлісуді армандаған.

Ұстаздың TikTok-тағы парақшасына жазушылар саны шамамен 5 мыңды құрайды.

Атыраулық ағылшын тілі мұғалімі Ислам Қадыров TikTok платформасына мектептегі сабақтарының бір бөлігін жариялайды. Сабақтағы шығармашылық тәсіл мен ойындар мұғалімнің оқушылармен жақсы байланыс орнатуына, шет тілін үйренуге қызығушылықтарын арттыруға көмектесті.

Сенің де мектебіңде дәл осындай форматта сабақ өтетін ұстазың бар ма?🤔