Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша қосымша іріктеу болады
Алматы қаласының әкімдігі “Алматы жастары” қалалық жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қосымша іріктеу туралы хабарлайды. Іріктеудің бұл кезеңі 2024 жылғы 29 шілдеден 7 тамызға дейін негізгі конкурстық іріктеу кезеңінде өтінім берген, бірақ құжаттарды дұрыс толтырмау немесе тапсыру себебінен оң шешім алмаған азаматтарға ғана қолжетімді болады.
Өтінім жіберушілер туралы ақпарат almaty-zhastary2024.kz сайтының басты бетінде – «Қайта өңдеуге жіберілген азаматтар тізімі» бөлімінде қолжетімді. Құжаттарға түзетулер мен жаңартулар енгізу кезеңі 2024 жылғы 23-31 желтоқсан аралығына белгіленген.
Қосымша түсініктемелер мен консультациялар алу үшін азаматтар Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының +7 (727) 225 14 57 көпарналы телефоны арқылы жүгіне алады.
Тағы бір мүмкіндік!👍
2️⃣ Енді еңбекке жарамсыз анықтаманы дәрігер жұмыс орнына тікелей жібереді
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Әсел Қыдырәлиева мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар әлі толық аяқталмаған, қазіргі таңда тек жартылай жүзеге асырылған. 2025 жылға қарай бұл жүйе толығымен электронды форматқа көшірілмек.
“Қазіргі уақытта жұмысқа орналасу, оқуға түсу, қару-жарақ алуға рұқсат, еңбекке жарамсыздық парағы мен көлік жүргізуге рұқсат сияқты анықтамалар бар. Қазір бұл процесті толық автоматтандыру, яғни электронды нұсқаға көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан былай пациентке дәрігерлерге қайта-қайта барып, қағаз анықтамалар жинаудың қажеті болмайды,” – деді Қыдырәлиева.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, еңбекке жарамсыздық парағын толық электронды форматқа көшіру бойынша жұмыс істеуде.
“Қазіргі кезде пациенттер көк қағаз алу үшін бірнеше кабинетке барып, мөр бастырып, көп уақыт жоғалтады. Енді еңбекке жарамсыздық парағын алу процесі автоматтандырылып, екі министрліктің жүйелері біріктіріледі. Пациенттің парағы ашылған сәтте оның жұмысына автоматты түрде хабарлама жіберіледі. Ал парақ жабылғанда анықтама бірден enbek.kz жүйесіне түсіп, жұмыс берушіге жеткізіледі,” – деп түсіндірді Әсел Қыдырәлиева.
Бұдан былай кабинет жағалап, мөр жинап әуре болмайсыз✔️
3️⃣ Елде су тасқынын болжау және модельдеуге арналған «Қазақстан Tasqyn» жүйесі іске қосылады
“Әдістемеге сәйкес уәкілетті органдар жүйеге мынадай мәліметтерді енгізеді: су қоймаларындағы су деңгейі, су бұру көлемі, гидрометеорологиялық болжамдар. Жиналған деректер негізінде жүйе су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдейді. Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі жедел су бөлу, су ресурстарын басқару, су қоймалары мен су жүйелерін пайдалану режимдерін талдау және түзету үшін болжамды су шаруашылығы балансын есепке алу тәртібін регламенттейді,” – деді министрлік жанындағы цифрландыру департаментінің бас сарапшысы Әлихан Сәлімжанов.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жұмыстар су шаруашылығын цифрландыру аясында жүзеге асырылуда.
“Жаңа ақпараттық жүйе ықтимал төтенше жағдайларды болжауға және нақты модельдеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шығынды азайту үшін уақтылы шаралар қабылдауға жағдай жасайды,” – деп атап өтті ведомство.
Төтенше жағдайлар, экология және сыртқы істер министрліктері жаңа ақпараттық жүйені әзірлеуде📍