«Үйде жатпа» күнтізбесі. 1 тамыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 01 августа, 2024


👨‍👩‍👧‍👦1 тамыз — Ата-анаға құрмет көрсету күні. Әке-шешесін сыйламайтын бала тамырсыз ағашқа, бұлағы жоқ өзенге ұқсайды. Жерге тасталған тұқым оған жауапты адамның күш-жігері мен қамқорлығынсыз өсіп-өнбейді. Бала тәрбиесіне барын салып, еш қиындыққа қарамастан, шыдамдылық пен парасаттылық танытқан адамдар әрдайым құрмет пен сүйіспеншілікке лайық. Бұл күн соны еске салу үшін аталып өтеді.

💃2012 жылы 1 тамыздан бастап Халықаралық нәзіктік флешмобы өткізіліп келеді. Акция шартына сәйкес, бүгінде әлемнің көптеген елінде сағат 19:00-де әдемі киінген әйелдер гүл шоқтарын ұстап, жақсылық пен бейбітшілік тілегі жазылған ашық хаттармен алаңға шығады. Қатысушылар әйелдердің тағдыры мен бақыты туралы әңгімелейді. Сонымен қатар фотосессияларға қатысып, бір-біріне жақсы көңіл күй сыйлайды.

 

Сіз осындай акцияларды қолдайсыз ба?

 

 

👤1967 жылы 1 тамызда Қазақстанның мәдени өмірінде қызықты екі оқиға болды. Атап айтатын болсақ, Баянауылда “Дос-Мұқасан” ансамблінің музыканттары алғашқы концертін берді. Бұл күн — олардың ресми туған күні. Топтың аты музыканттардың аты-жөнінен құралған: “Дос” — Досым Сүлеев, “Мұ” — Мұрат Құсайынов, “Қа” — Қамит Санбаев, “Сан” — Санья Литвинов. Олар қазақтың “Битлзы” деген аты аңызға айналған ансамбльдің алғашқы құрамының негізі болды. Дәл осы күні балетмейстер Болат Аюханов КСРО Мәдениет және өнер тарихында тұңғыш рет «Алматының жас балеті» хореографиялық миниатюралар ансамблін құрып, оның тұрақты жетекшісі, ұстазы, орындаушысы және концертмейстеріне айналды. 2003 жылы Аюханов труппасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрына айналды.

 

Сіз «Дос-Мұқасан» фильмін көрдіңіз бе?

👥1 тамыз — есімі мәдениетпен байланысты қазақтың атақты екі тұлғасының туған күні. 131 жыл бұрын қазақтың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог Қамар Қасымов (1893-1966) дүниеге келді. Шебердің үлкен жетістігі – үні скрипкаға ұқсас келетін “Қамар-қобыз” аспабын жасап шығаруы. Сондай-ақ 92 жыл бұрын композитор, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерқағали Рахмадиев (1932-2013) өмірге келді. Өнер иесі төрт ән мен романс жинағының, фильмдер мен театрландырылған қойылымдарға арналған музыканың авторы.