«Үйде жатпа» күнтізбесі. 1 қыркүйек: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 01 сентября, 2024


🥺1 қыркүйек – Халықаралық білім күні. Дәстүр бойынша, бұл күні мектеп оқушылары салтанатты жиынға әдемі киімдерін киіп, ұстаздарына арнап күзгі гүл шоқтарын әкеледі. Салтанатты сап пен бірінші сынып сағаты – білімнің адам өміріндегі маңызы мен рөлін көрсететін жаңа оқу жылының ашылуына арналған мерекелік іс-шара.

Баршаңызды білім күнімен құттықтаймыз!

🥸Қыркүйектің бірінші жексенбісінде мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Халық шаруашылығының барлық саласының үздіксіз жұмыс істеуі мен азаматтар өмірінің жайлылығына геологтар мен бұрғышылар, құрылысшылар, көлік қызметкерлері, технологтар және өз тағдырын мұнай-газ саласымен байланыстырғандар қамтамасыз етеді. Дегенмен аталмыш салада қызмет ететіндердің жұмысы өте ауыр. Себебі олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп жоғары. Сондықтан олардың батылдығы мен қайсарлығына таңданыспен қарау орынды.

Егер таныс мұнайшыларды білсеңіз, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

💡1 қыркүйек көршілес мемлекетте де ұлттық мереке аталып өтеді. Бүгін Өзбекстан Республикасында – Тәуелсіздік күні. 1991 жылы 31 тамызда Ташкентте Республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп, онда Өзбекстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осылайша, Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Жоғарғы Кеңестің мәлімдемесі қабылданып, 1 қыркүйектегі тиісті қаулымен Тәуелсіздік күні болып бекітілді.

Егер таныстарыңыздың арасында өзбектер болса, оларды мерекесімен құттықтай аласыз!

👥1 қыркүйек — екі шығармашылық тұлғаның туған күні. Бүгін қазақтың кино актрисасы Самал Еслямова 40 жас мерейтойын атап өтеді. Ол посткеңестік кеңістіктегі Канн кинофестивалінің “Үздік әйел рөлі” сыйлығын алған алғашқы актриса. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Азия кино академиясы сыйлығының иегері. Сондай-ақ бүгін корей әншісі, ән жазушы әрі продюсер Чон Джонгук 27 жасқа толды. Ол — оңтүстік кореялық ең танымал BTS тобының ең жас мүшесі және басты вокалисі. Оған 2022 жылы әлем чемпионатының әнұранын орындау әлемдік даңқ әкелді.

Сіз қандай қазақстандық K-Pop тобын білесіз?