«Үйде жатпа» күнтізбесі. 10 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 10 февраля, 2025


👤Бүгін қарағандылықтар қала күнін атап өтуде. 1934 жылы 10 ақпанда Қарағанды кеншілер қонысына ресми түрде қала мәртебесі берілді. Бүгінде Қарағанды 500 мыңнан астам адам тұратын Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, экономикалық, ғылыми және мәдени орталықтарының бірі. 

Оқырмандарымызды Қарағанды қаласынык күнімен құттықтаймыз!

👀10 ақпан – БҰҰ бастамасымен Дүниежүзілік дәнді-бұршақ дақылдары күні. БҰҰ деректеріне сәйкес, әлемде 800 миллионнан астам адам аштықтан зардап шегуде. Халық санының өсуіне байланысты азық-түлік қорын тұрақты түрде толықтырып отыру – өмір сүрудің негізгі шарты. Осыған орай, бұл күннің басты мақсаты – әр елдің үкіметі мен ірі ауыл шаруашылығы өндірушілерін, фермерлерді бұршақ дақылдарын өсіруді кеңінен насихаттауға шақыру. Бұршақ тұқымдас дақылдар ерекше күтімді қажет етпейді әрі ұзақ уақыт сақтауға жарамды. Сондай-ақ әлем халықтарының ұлттық асханаларында бұршақ, үрмебұршақ, жасымық, соя және өзге де дәнді-бұршақ дақылдарынан дайындалған тағамдар кеңінен қолданылады.

Сізге қай түрі көбірек ұнайды?

💪Бүгін үтіктің пайда болған күні. 1656 жылы 10 ақпанда үтік туралы алғашқы жазбаша дерек пайда болды. Алғашқы үтіктер өте ауыр және үлкен болды – олар тұтас металдан жасалған, ал қыздыру үшін тікелей отқа қойылатын. Мұндай құралмен жұмыс істеу оңай болмаған. Кейінірек үтіктердің ішін қуыс етіп жасап, оларды қыздыру үшін ішіне көмір салу тәсілі қолданылды. Тек электр қуатының пайда болуымен үтіктер заманауи түрге ене бастады. Бүгінде әр үйде бұл тұрмыстық құралдың өз орны бар.

Сіз қай маркалы үтікті қолданасыз?

 

👥10 ақпан дүниеге келген танымал адамдар. 81 жыл бұрын Венгр түркологы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының негізін қалаушылардың бірі Мандоки Иштван Қоңыр (1944-1992) дүниеге келді. Ол Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын, сондай-ақ түркі тілдес халықтар фольклоры мен әдебиетінің басқа да шығармаларын венгр тіліне аударған. Оны қазақ-ғұндардың тілі мен этнографиясының параллельді болып келуі қызықтырды. Мандоки Иштван Қоңыр Алматыдағы Кеңсай зиратында жерленген. Сонымен қатар бүгін қазақ әншісі, актер әрі продюсер Айқын Төлепберген 43 жасқа толды. Ол SuperStar KZ телешоуы мен “Жаңа толқын” байқауы арқылы танымал болды. Содан бері Айқын халық арасында қазақ және орыс тілдерінде кең тараған әндерді орындап келеді. Сондай-ақ ол Сосо Павлиашвили, Мақпал Исабекова және басқа да танымал әншілермен бірге дуэт құрды. “Менің сақинам қайда?” және “Наурыз” фильмінде басты рөлді сомдады.

Сізге Айқынның қай әндері ұнайды?