«Үйде жатпа» күнтізбесі. 10 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 10 Ақпан, 2023


☑️ Бүгін қарағадылықтар қала күнін атап өтуде. 1934 жылы 10 ақпан күні Қарағанды кеншілер қонысына ресми түрде қала мәртебесі берілді. Бүгінде Қарағанды 500 мыңнан астам адам тұратын Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, экономикалық, ғылыми және мәдени орталықтарының бірі. 

Оқырмандарымызды Қарағанды қаласынык күнімен құттықтаймыз!

☑️ 10 ақпан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік бұршақ дақылдары күні аталып өтеді. БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемде 800 миллионнан астам адам аштықтан зардап шегеді, ал халық саны тұрақты түрде өсіп отыруы үшін азық-түлік ресурстары қажет. Бұл күннің мақсаты – әртүрлі елдің үкіметтерін, ірі ауылшаруашылық өндірушілерін және фермерлерді өз аймақтарында бұршақ дақылдарын өсіруді танымал етуге шақыру. Өйткені аталмыш өнім ерекше күтімді қажет етпейді және егін ұзақ сақталады. Сонымен қатар әлемнің көптеген асханасында негізгі тағам қоспасы – бұршақ дақылдары, жасымық, соя екенін ескеруіміз керек. 

Сізге бұршақтың қай түрі ұнайды? 

☑️ Бүгін тағы бір қызықты мереке – үтіктің пайда болған күні. 1656 жылы 10 ақпанда аталмыш өнертабыс туралы алғаш рет құжаттарда айтылды. Алғашқы үтіктер өте массивті және ауыр болды. Яғни, оның тез қызуы үшін ыстық пешке орналастырылған тұтқалары бар монолитті металл бөліктері болды. Мұндай құрылғымен жұмыс істеу өте қиын болғандықтан, жаңа түрлері пайда бола бастады. Осылайша уақыт өте келе үтіктердің іші бос болды. Ал мұндай қондырғыны қыздыру үшін олар пешке салынған көмірді алып, үтікті қыздыру үшін пайдаланды. Тек электр қуатының пайда болуына орай үтіктердің заманауи түрлері шығарыла бастады.

Сіз үтіктің қандай маркасын қолданасыз?    


☑️10 ақпан дүниеге келген танымал адамдар. 79 жыл бұрын Венгр түркологы, «Қазақ тілі»халықаралық қоғамының негізін қалаушылардың бірі – Мандоки Иштван Қоңыр (1944-1992) дүниеге келді. Ол Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын, сондай-ақ түркі тілдес халықтар фольклоры мен әдебиетінің басқа да шығармаларын венгр тіліне аударған. Оны қазақ-ғұн тілі мен этнографиясының параллельді болып келуі қызықтырды. Мандоки Иштван Қоңыр Алматыдағы Кеңсай зиратында жерленген. 

Сонымен қатар бүгін қазақ әншісі, актер әрі продюсер – Айқын Төлепберген 41 жасқа толды. Ол SuperStar KZ телешоуы мен «Жаңа толқын» байқауы арқылы танымал болды. Содан бері Айқын халық арасында қазақ және орыс тілдерінде кең тараған әндерді орындап жүр. Сонымен қатар ол Сосо Павлиашвили, Мақпал Исабекова және басқа да танымал әншілермен бірге дуэт құрды. «Менің сақинам қайда?» және “Наурыз” фильмінде басты рөлді сомдады.

Сізге Айқынның қай әндері ұнайды?