👩💻10 қараша – Қазақстанның цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні. Цифрлық трансформация – қоғамның өмір сүру сапасын жақсартатын, еңбек өнімділігін арттыруды қамтамасыз ететін, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактор. Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие әрі жоғары жалақы алатын мамандардың қатарында. Қазақстанда олардың жалпы саны 150 мыңнан астам адамды құрайды.
Бүгін IT мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап қойыңыз!
👥Бүгін — Дүниежүзілік жастар күні. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылы 10 қарашада Лондонда 30 миллионнан астам жасты біріктірген 63 ұлттың халықаралық жастар қозғалысының өкілдері алғаш рет фашизмге қарсы күресті жалғастыру мақсатында арнайы конференцияға жиналды. Содан бері жастар ұйымдарының халықаралық бірлестігі саяси және діни көзқарасқа, нәсіліне және ұлтына қарамастан әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастарды біріктіруді қолға алды.
Жас оқырмандарымызды осы мерекемен құттықтаймыз!
👨🏫Бүгін халықаралық бухгалтерлер күні де аталып өтеді. 1494 жылы 10 қарашада Лука Пачиоли «Арифметика, геометрия және пропорция туралы» еңбегін жарыққа шығарды. Мұнда Венециядағы бухгалтерлік есеп негізге алынды. Сонымен қатар ол әлемдегі алғашқы бухгалтерлік кітаптың бірі болды. Сол кездегі итальяндық бухгалтерлік техниканың көптеген мәліметтері 400 жыл бойы арнайы мәтіндер мен бухгалтерлік жазбаларда басшылыққа алынды. Деректерге сүйенсек, қазір Қазақстанда 250 000-ға жуық бухгалтер жұмыс істейді.
Егер таныстарыңыздың арасында бухгалтерлер болса, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!
✍️1940 жылы 10 қарашада кириллицаға негізделген 41 әріптен тұратын жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. Лингвист Сарсен Аманжолов жасаған әліпби Моңғолияда да қолданылады. Ежелгі уақытта Қазақстан аумағында түркі жазуы болған. Діни және зайырлы мектептерде ислам дінінің таралуымен араб графикасы ресми хат алмасуда қолданыла бастады. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынов тілімізде қолданылмайтын араб әріптерін алып тастап, қазақ тіліне тән әріптерді қосып, қазақ жазуын реформалады. Ал бұл әліпбиді әлі күнге дейін Қытайда, Ауғанстанда, Иранда тұратын қазақтар қолданады. 1929-1939 жылдары Қазақстанда латын жазуы қолданыста болды.