«Үйде жатпа» күнтізбесі. 10 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 10 марта, 2025


🙏1932 жылы 10 наурызда Түркістан және Ақтөбе облыстары құрылды. Түркістан облысы бастапқыда Оңтүстік Қазақстан деп аталып, 1962 жылы Шымкент деп өзгертілді. 1992 жылы оған қайтадан алғашқы аиауя берілді. 2018 жылы облыс орталығы Түркістанға көшіріліп, атауы да Түркістан облысы болып өзгертілді. Ал Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Ақтөбе облысы Қазақстан аумағының 11 пайызын алып жатыр және елдегі ең үлкен облыс саналады. 

 

Ақтөбе және Түркістан облыстарының тұрғындарын бүгінгі күнмен шын жүректен құттықтаймыз! 

 

👋10 наурыз – Халықаралық мәрттік күні. 2007 жылы АҚШ-тың веб-қосымша жасаушысы Кевин Ловер бұл күнді әзіл ретінде белгілеуді ұсынған еді. Алайда Твиттердің арқасында бастама қолдау тауып, бүкіл әлемге тарап кетті. Бұл күннің таңдалуы да тегін емес: 10 наурыз – нағыз мәрттіктің символына айналған Чак Норристің туған күні. Америкалық актер интернет мемдеріндегі ең атақты қаһарман ретінде танымал.

Ал сіз үшін ең мәрт, ең керемет адам кім?

👀 Бүгін бейнеойын әуесқойлары Марио күнін атап өтеді. Қызыл кепкасы мен көк комбинезонын киген пысық мұртты сантехник Nintendo жанкүйерлерінің сүйікті кейіпкеріне айналды. Ал Super Mario ойыны Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең көп сатылған ойын ретінде енген. Бұл күннің таңдалуы да қызық: ағылшын тілінде 10 наурыз – MAR10 деп қысқартылып жазылады, ал бұл атау атақты кейіпкердің есіміне ұқсас. Nintendo да бұл дәстүрді қолдап, мереке құрметіне ойыншыларға әдеттегіден екі есе көп алтын ұпай сыйлайды.

Сіз Super Mario ойнап көрдіңіз бе?

 

 

👥Бүгін қазақ өнерінің қос саңлағының туған күні. 102 жыл бұрын режиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сұлтанахмет Қожықов (1923-1988) дүниеге келді. Оның шығармашылық шыңы – аңызға айналған “Қыз Жібек” фильмі болды. Бұл туынды Тбилисиде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде үш бірдей марапатқа ие болды. Қожықов заман тынысын терең сезініп, қазақ халқының шынайы тұрмысын, салт-дәстүрін экранда шебер бейнелей білді. 80 жыл бұрын кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков (1945-2017) дүниеге келді. Ол “Қыз Жібек” фильмінде Төлегеннің рөлін сомдап, нағыз халық жұлдызына айналды. Көрермендер оны “Қазақтың Төлегені” деп атап кетті. Ал оның экрандағы қосағы, Жібектің бейнесін жасаған Меруерт Өтекешова “Қазақтың Қыз Жібегі” атанды. Бұл – өнер тарихында қалған шынайы махаббат оқиғасы. 

«Қыз Жібек» фильмін көрдіңіз бе?