«Үйде жатпа» күнтізбесі. 10 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 10 Сәуір, 2024


💃10 сәуірде халықаралық аға-әпке, іні-қарындас күні аталып өтеді. Олар өмірдің қиын-қыстау кезеңі мен қуанышты сәттерінде әрдайым жанымыздан табылып, жетістіктерімізге шынайы ризашылық білдіре алатын жандар. Ал сәтсіздікпен бетпе-бет келген уақытта қолдау білдіруге дайын екендерін жеткізеді. Сонымен қатар табысқа жетуімізге шабыт сыйлап, түрлі келеңсіз жайттан арылуға көмектесе алады. Бір сөзбен айтқанда, бауырларға қай кезде де арқа сүйеп, сенім артуға болады. Біз олармен бірге өсіп, бір мәселені бастан өткеріп, бір жағдайға қуана аламыз. Мұның жеке тұлға болып қалыптасуда ықпалы зор екені сөзсіз. 

Бауырларыңызды бүгінгі айтулы күнмен құттықтап қойыңыз! 

🌚Бүгін – Дүниежүзілік гомеопатия күні. 1755 жылы 10 сәуірде неміс дәрігері, баламалы медицинаның осы түрінің негізін қалаушы Самуэль Ганеман дүниеге келді. Гомеопатия 2 принципке негізделген. Біріншісі – ауруды ауру арқылы емдеу, екіншісі – шағын немесе ультра төмен дозада дәрілік заттарды қолдану. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары оны қолданудың дәлелді базасы жоқ екенін және денсаулық пен өмірге қауіп төндіретінін атап өтеді. Осыған қарамастан, оны Үндістан халқының жарты бөлігі, француздардың 1/3 және немістердің 45%-ы пайдаланады. Ал Англияда ол корольдік отбасының қамқорлығында тұр. 

Өзіңізге қамқор болыңыз және ауырмаңыз!

🍌Бүгін тағы бір мереке “банан күні” аталып өтеді. Әлемде өнім саны бойынша банандар апельсиннен кейін екінші орында тұр. Тағамдық құндылығы бойынша банан картопты 1,5 есе басып озады. Бір бананда жүрек бұлшықетінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті калийдің тәуліктік дозасының 10%-ы бар. Сонымен қатар ол каротинге, ферменттерге, органикалық қышқылдарға, С, РР, Е, В1, В2 витаминдеріне бай. Көңіл күйіңіз болмаса, банан жеуге кеңес береміз. В6 дәрумені мен триптофан амин қышқылы табиғи антидепрессант серотонинді өндіруге ықпал етеді.

Сізге қай жеміс ұнайды: банан немесе апельсин?

👥112 жыл бұрын атауы ұзақ жылдар бойы теңіз апатының символына айналған “Титаник” кемесі алғашқы әрі соңғы сапарына аттанды. Бұл өз уақытындағы ең ірі жолаушылар кемесі еді. Ол 14 сәуірден 15 сәуірге қараған түні Солтүстік Атлантикада айсбергпен соқтығысып, суға батып кетеді. Мұнда 2200 жолаушының 1490-нан 1635-ке дейінгісі қайтыс болды. Титаник оқиғасы 1997 жылы Джеймс Кэмеронның әйгілі фильмінде жаңа бағытта кең көрініс тауып, түрлі-түсті бояуға ие болды. 

 

“Титаник” фильмін тамашалаған кезде көз жасыңызға ерік бердіңіз бе?