«Үйде жатпа» күнтізбесі. 10 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 10 Желтоқсан, 2022


☑️ Бүгін – Халықаралық Адам құқықтары күні. Аталмыш мереке 74 жылдан бері тойланып келеді. Себебі 1948 жылы 10 желтоқсан күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған бұл құжат адам құқықтары туралы ережелерді қалыптастырған алғашқы әлемдік құжат болды. Декларация саяси, азаматтық, әлеуметтік, мәдени және экономикалық құқықтардың бірқатар тізімін қамтиды. Ол әлемнің  500-ден астам тіліне аударылған. Соған сәйкес біршама халықаралық келісімдер жасалды.

Сіз Қазақстан азаматы ретіндегі құқығыңызды Конституциядан әрі Азаматтық кодекстен біле аласыз.

☑️Сондай-ақ бүгін көптеген мемлекетте “Нобель” күні атап өтіледі. Осыған орай жыл сайын 10 желтоқсан күні ең беделді халықаралық марапаттардың бірі — Нобель сыйлығын тапсыру рәсімі өтеді. Мұнда көрнекті ғылыми зерттеулер, революциялық өнертабыстар және қоғамның мәдениеті мен дамуына үлес қосқан тұлғалар марапатталады. Жеңімпаздар сыйлықты Швеция Королінің өз қолынан алады. Оларға алтын медаль, диплом және ақшалай сыйлық табысталады. Қаржылай сыйлық сомасы биыл 900 мың долларды құрайды. 

Биыл Нобель сыйлығы кімге беріледі?

☑️10 желтоқсан – Дүниежүзілік футбол күні. Өздерің білетіндей, футбол әлемдегі ең танымал ойындардың бірі. Оның тарихы мың жылдан асады. Аталмыш ойын туралы алғашқы ескертпе біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы қытай деректерінде кездеседі. Ол Цу Чю деп аталған, яғни аяқпен итеру деген мағынаны білдіреді. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп VIII ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың жабайы ойынын таниды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Бірінші Әлем чемпионаты 1930 жылы шілдеде Латын Америкасында өтті. Бүгіүде кем дегенде 120 миллион адам кәсіби түрде футбол ойнайды. Ал қалған бөлігі бос уақытында сүйікті ісі ретінде айналысады. 

Сенің ойыңша Қазақстан құрамасы қашан әлем чемпионы болады?

☑️10 желтоқсан – танымал қос тұлғаның туған күні. 65 жыл бұрын американдық актер Майкл Кларк Дункан (1957-2012) дүниеге келді. «Зеленая миля» фильміндегі денелі жігіт Джон Коффидің рөлі оған танымалдылық әкелгені бәрімізге аян. Сонымен қатар «Армагеддон», «Царь скорпионов» және «Остров» фильмдері де оның жұлдызын биікте жарқыратты. Сондай-ақ бүгін қазақ кинорежиссері әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Ардақ Әмірқұлов өзінің 67 жылдығын атап өтеді. Оның «Отырардың күйреуі» атты фильмі бірқатар халықаралық марапаттарға ие болды. Атап айтатын болсақ, осы фильмі 1992 жылы «Оскар»номинациясына ұсынылды. Оның » Қош бол, Гүлсары!»және » Абай» атты танымал фильмдері де бар. 

 

Сізге қазақ кинорежиссерлерінің ішінде қайсысы ұнайды?