«Үйде жатпа» күнтізбесі. 11 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 11 апреля, 2025


😯11 сәуір – Халықаралық фашистік концлагерь тұтқындарының азат етілген күні. Дәл осы күні, 1945 жылы Бухенвальд концлагерінің тұтқындары азаптаушыларға қарсы шығып, “ажал лагерін” басып алды. Себебі бір күн бұрын  басшылық тарапынан барлық тұтқынды өлтіру туралы бұйрық берілген болатын. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 14 000-нан астам фашистік концлагерьде 20 миллионнан астам адам азап шекті. Тұтқындар арасында қарттар мен балалар да болды. Мұнда азаттыққа жетпей көз жұмғандардың саны 11 миллионнан асты. Ең ірі әрі қатыгез концлагерь – Освенцим болғаны тарихтан белгілі.

🗣Бүгін Балқаш тұрғындары қала күнін атап өтеді. 1937 жылы 11 сәуірде Балқашстрой ауылына қала мәртебесі берілді. Қаланың дамуы — мыс кен орындарының ашылуы мен Балқаш кен-металлургия комбинатында мыс қорыту зауытының салынуына себеп болды. Бүгінде мұнда 80 мыңға жуық адам тұрады.

 

Егер Балқаш қаласынан таныстарыңыз болса, қала күнімен құттықтап қойыңыз!

 

🤗Сонымен қатар бүгін — Дүниежүзілік Паркинсон дертіне қарсы күрес күні. Бұл күн 1755 жылы дүниеге келген ағылшын дәрігері Джеймс Паркинсонның құрметіне аталып өтеді. Ол алғаш рет бұл дертті ғылыми түрде сипаттап, жүйке жасушаларының біртіндеп жойылуы нәтижесінде дофамин бөлінуінің азаюын байқаған. Қазақстанда Паркинсон ауруымен ауыратындар саны шамамен 25 мың адамды құрайды. Жыл сайын бұл көрсеткіш 2 500 адамға артып келеді. Бүгінде аталған ауру қарттармен қатар, 30-40 жастағы адамдар арасында да жиі кездеседі. Сондықтан ертерек алдын алу шараларын сақтап, емделуді қолға алғаныңыз абзал.

 

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз!

⚡️11 сәуір — Дүниежүзілік аниме күні. Оның басқа елдердің дәстүрлі мультфильмдерінен айырмашылығы – аниме жасөспірімдер мен ересектерге де арналған. Олар сериал, фильм түрінде түсіріліп, кейіпкерлері мен көріністері аса мұқият әрі әсерлі бейнеленеді. Анименің сюжеті — Жапонияның комикстеріне, компьютерлік ойындарына, махаббаты мен ғылыми фантастикасына негізделген. Бұл – Жапония мәдениетінің бірегей көрінісі.

 

Сіз қандай аниме кейіпкерлерін білесіз?