👀11 желтоқсан — Халықаралық таулар күні. Таулар әлемнің төрттен бір бөлігін алып жатыр. Мұнда әлемнің 15% адамы өмір сүреді. Олар экономиканың қарқынды дамуында маңызды рөл атқарады. Мәселен, Қазақстанның әр өңірінде дерлік альпинизм мен туризмді дамытуға қолайлы тау жоталары бар. Сондай-ақ таулар — өсімдіктер мен жануарлардың мекені, әрі әлемдегі негізгі өзендердің бастау көзі екенін ұмытпауымыз керек.
Ал сіз тауға шыққанды ұнатасыз ба?
👃11 желтоқсанда ДДҰ бастамасымен Дүниежүзілік демікпеге қарсы күрес күні аталып өтеді. Бронх демікпесі — ең көп таралған аллергиялық аурулардың бірі. Олар тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін. Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда 10 000-ға жуық адам демікпе ауруынан зардап шегеді. Олардың саны жыл сайын өсуде. Демікпенің себептері әлі толық зерттелмеген. Бірақ көп жағдайда бұл аурудан экологиясы нашар аймақта өмір сүретін, күйзеліс пен физикалық ауыртпалықты бастан өткеретін жандар зардап шегеді.
Оқырмандарымызға зор денсаулық тілейміз!
👏11 желтоқсанда жұптық би әуесқойлары халықаралық танго күнін атап өтеді. Бұл күні аргентиналық әнші әрі кино актері, әйгілі «Танго патшасы» Карлос Гардель (1887-1935) дүниеге келді. Танго — өмір кілті. Мұнда ер мен әйел ширақ қиымылы арқылы биде көп нәрсені түсіндіреді. Олардың қарым — қатынасы, құмарлығы, қақтығысы, екпіні, махаббаты, қызғанышы, жеккөру сезімдері бидің көркін ашады. Би барысында сөйлеуге, күлуге болмайды. Тіпті, жұбын дауыстап шақыруға да тыйым салынады. Тек көз бен еріннің жеңіл қозғалысына рұқсат етіледі.
Ал сізге танго биі ұнай ма?
👥1946 жылы 11 желтоқсанда БҰҰ бастамасымен UNICEF балалар қоры құрылды. Халықаралық ұйым 190 елде жұмыс істейді. Олар белгілі бір себептерге байланысты өсу және даму мүмкіндігінен айырылған балалардың құқықтары үшін күреседі. 1992 жылы ақпанда UNICEF Қазақстанға алғашқы миссиясын ұйымдастырып, барлық баланы қызылшаға және полиомиелитке қарсы иммундау жобасын іске қосты. Біздің елімізде 30 жыл ішінде UNICEF мандаты айтарлықтай кең етек жайды. Атап айтатын болсақ, вакциналарды, дәрі-дәрмектерді және басқа да материалдық көмекті жеткізуден бастап, қоғамның әлеуетін нығайтуға және озық әлеуметтік технологияларды енгізді.