«Үйде жатпа» күнтізбесі. 12 қараша: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 12 ноября, 2023


🤒12 қараша — Дүниежүзілік пневмонияға қарсы күрес күні. ДДҰ мәліметтері бойынша, өкпенің қабынуы өлімнің ең көп таралған ондығына кіреді. Әсіресе, бұл ауру балаларға, қарттарға және иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға қатты әсер етеді. Коронавирус пандемиясынан кейін аталмыш ауруды емдеудің жаңа әдістері шығып, үлкен қаржыландыруды қажет еткенін білеміз. Дұрыс тамақтану, иммунитетті нығайту және салауатты өмір салтын ұстану арқылы өкпенің қабынуын азайтуға болады. 

Ауырмаңыз және деніңіз сау болсын!

🤕Қараша айының екінші жексенбісі —  Халықаралық жаңылтпаш күні. Мереке адамдардың сөйлеу машығын қалыптастыру мақсатында уақытын көңілді әрі пайдалы өткізуіне орай ойластырылды. Жаңылтпаш балалардың есте сақтау қабілетін дамытып, сөздік қорын молайтады.  Ал ересектер үшін оны оқу әрі жатқа айту дауыс қойып, дикция қалыптастыруда өте маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар тіліңізді ширатып, анық сөйлеуіңізге ықпал етеді. Бұл бизнесте және жеке өмірде өзгелердің сізді дұрыс түсініп, жайлы қарым-қатынас құруында маңызды фактор.  

 

Сіздің сүйікті жаңылтпашыңыз қандай? 

👥12 қараша екі танымал ер адамның туған күні. 118 жыл бұрын Қазақ композиторлық мектебінің негізін қалаушы Евгений Брусиловский (1905-1981) дүниеге келді. Ол 9 операның («Қыз Жібек», «Дударай» және т.б.), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» балетіне арналған музыканың, «Қазақстан» кантатасының, «Құрманғазы» симфониясының, 500-ден астам ән мен романстың авторы. Оның фортепиано мен хорға арналған 100-ге жуық халық әндері мен күйлері өңделіп, «Шоқан Уәлиханов» фильміне музыка жазылды. Ермеғали Рахмадиев, Сыдық Мұхамеджанов, Бақытжан Байқадамов және басқа да қазақ композиторлары оны ұстазы ретінде үлгі тұтты. Сондай-ақ бүгін қазақ кино және театр актері Болат Әбділманов 63 жасқа толды. Көптеген мемлекеттік және кәсіби марапаттардың иегері мансап жолында 20-дан астам фильмде ойнады. Театрлық гастрольдермен Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның барлық қаласында және басқа да елдерде болды.

 

Сізге Болат Әбділмановпен қай фильмі ұнайды?

👤12 қараша өмірге келген әлемдік кино жұлдыздары. Бүгін канадалық актер әрі музыкант Райан Гослинг 43 жасқа толды. Өнер иесі көпшілікке “Дневник памяти”, “Барби” және “Ла-Ла Ленд” фильмдерімен танымал. Бала кезінде ол Бритни Спирс, Кристина Агилера және Джастин Тимберлейк сияқты заманауи атақты адамдармен бірге Микки Маус клубында өнер көрсетті. Сондай-ақ бүгін американдық актриса және әнші Энн Хэтэуэй 41 жасын тойлап жатыр. Ол “Дьявол носит Prada”, “Тёмный рыцарь: Возрождение легенды” және “Интерстеллар” фильмдеріндегі рөлдері арқылы танымал. Хэтэуэй — “Оскар” сыйлығының иегері. Оның фильмдері әлем бойынша 6 миллиард доллардан астам табыс тапты. 

 

Сізге қай өнер иесі ұнайды: Райан Гослинг немесе Энн Хэтэуэй?