«Үйде жатпа» күнтізбесі. 12 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 12 мая, 2025


👩‍⚕️Бүгін — Халықаралық медбикелер күні. Дәл осы күні, яғни 1820 жылдың 12 мамырында атақты Флоренс Найтингейл дүниеге келді. Ол мейірбикелер қызметінің негізін қалаушылардың бірі саналады және Ұлыбританияда орта және кіші медициналық қызметкерлерді даярлау жүйесін құрып, оны жолға қойған тұлға. Бүгінде Қазақстанда 140 мыңнан астам медбике жұмыс істейді. Олардың атқаратын қызметі үлкен жауапкершілікке толы әрі науқастарды емдеуде дәрігерлерден кем түспейді. 

Егер таныс медбикелерді білсеңіз, оларды кәсіби мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз! 

 

💪12 мамырда халықаралық созылмалы шаршау синдромы күні де аталып өтеді. 1982 жылға дейін бұл синдромды қарапайым шаршау, вегетативті-дистония немесе тіпті науқастың қиялынан туған жағдай деп есептейтін. Алайда бүгінде бұл – дербес ауру ретінде қарастырылып, нақты диагностика мен кешенді емді талап етеді. Әсіресе, созылмалы шаршау түрі 33 жастағы әйелдерде жиі кездеседі. Емдеудің тиімді әдісіне иммунитетті нығайту, массаж, физиотерапиялық жаттығулар, акупунктура, гипноз, аутогендік жаттығулар жатады.

 

Денсаулығыңызға көңіл бөліңіз, салауатты өмір салтын ұстаныңыз!

👀2017 жылы 12 мамырда Қазақстанның Айрақты-Шоманай таулы алқабында алғаш рет геоглифтер галереясы құрылды. Бұл алып жер бедеріндегі суреттер — ежелгі көшпелілердің тасқа салған суреттерін елестетеді. Авторы — маңғыстаулық археолог әрі тарихшы Андрей Астафьев. Геоглифтер этноауыл, Адай ата тарихи-мәдени орталығы мен Отпантау шыңының тартымдылығын арттырып, келушілер санын көбейтуге үлес қосып отыр.

Сіз аталған геоглифтерді мына бейнебаяннан көре аласыз https://www.youtube.com/watch?v=CT_Kw8-Dgy0

👥12 мамырда өмірге келген танымал тұлғалар. 146 жыл бұрын Түркістан-Сібір темір жолының құрылысын жобалаған қазақтың тұңғыш инженері Мұхамеджан Тынышпаев (1879-1937) дүниеге келді. Ол “Алаш Орданың” мүшесі, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, Түркістан автономиясының бірінші премьер-министрі болды. Кеңес үкіметі “халық жауы” ретінде тұтқынға алып, 1937 жылы ату жазасына кесті. Тек 1970 жылы толық ақталды. 

Сонымен қатар бүгін Мысырдан шыққан америкалық актер Рами Малек 44 жасқа толды. Өнер иесі “Оскар” және көптеген беделді марапаттың иегері. Мансап жолында ол 20-дан астам фильмде басты рөлді сомдап шықты. 

 

Сізге Рами Малектің қай фильмі ұнайды?