«Үйде жатпа» күнтізбесі. 12 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 12 Мамыр, 2023


👩‍⚕️Бүгін – Халықаралық медбикелер күні. Бұл күн 1820 жылы 12 мамырда дүниеге келген Флоренс Найтингейлдің құрметіне орай бекітілген. Ол  Ұлыбританияда орта және кіші медициналық қызметкерлерді даярлау жүйесін құрып, мейірбикелік қызметтің негізін қалады. Бүгінде Қазақстанда 140 мыңнан астам мейірбике жұмыс істейді. Олардың атқаратын қызметі үлкен жауапкершілікке толы. Яғни, науқастарды емдеуде дәрігерлерден кем түспейді. 

Егер таныс медбикелерді білсеңіз, оларды кәсіби мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз! 

🤷‍♀️12 мамыр – Халықаралық созылмалы шаршау синдромы күні де аталып өтеді. 1982 жылға дейін аталмыш синдром шамадан тыс жұмыс, дистония, тіпті науқастардың қиял ойынымен түсіндірілді. Ал қазіргі таңда бұл диагностика мен терапияға байыпты көзқарасты қажет ететін жеке ауру ретінде айтылып жүр. Әсіресе, созылмалы шаршау түрі 33 жастағы әйелдерде жиі кездеседі. Емдеудің тиімді әдісіне иммунитетті нығайту, массаж, физиотерапиялық жаттығулар, акупунктура, гипноз, аутогендік жаттығулар жатады.

 

Салауатты өмір салтын ұстануды ұмытпаңыз! Деніңіз сау болсын!

🎆2017 жылы 12 мамыр – Қазақстанның Айрақты-Шоманай таулы алқабында алғаш рет геоглифтер галереясы құрылды. Жер бетіндегі алып өрнектер көшпелілердің ежелгі үңгірлеріндегі бейнелерді қайталайды. Оларды маңғыстаулық археолог және тарихшы Андрей Астафьев жасаған. Геоглифтер этноауылға, Адай ата тарихи-мәдени орталығына және Отпантау тауының шыңына барушы адамдардың қатарын арттырады.  

 

Сіз аталған геоглифтерді мына бейнебаяннан көре аласыз https://www.youtube.com/watch?v=CT_Kw8-Dgy0

👥12 мамыр өмірге келген танымал тұлғалар. 144 жыл бұрын Түркістан-Сібір темір жолының құрылысын жобалаған қазақтың тұңғыш инженері – Мұхамеджан Тынышпаев (1879-1937) дүниеге келді. Ол «Алаш Орданың» мүшесі, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, Түркістан автономиясының бірінші премьер-министрі болды. Кеңес өкіметі «халық жауы» ретінде тұтқынға алып, оны ату жазасына кесті. Ал 1970 жылы ақталды. Сонымен қатар бүгін Мысырдан шыққан америкалық актер – Рами Малек 42 жасқа толды. Өнер иесі «Оскар» және көптеген беделді марапаттардың иегері. Мансап жолында ол 20-дан астам фильмде басты рөлді сомдап шықты. 

 

Сізге Рами Малектің қай фильмі ұнайды?