«Үйде жатпа» күнтізбесі. 12 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 12 апреля, 2025


🚀12 сәуір – Қазақстанда ғылым қызметкерлері күні. Бұл күн Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың (1899-1964) туған күніне орай бекітілді. Себебі Қазақстанның қазба байлығын ашу әрі геологиялық барлау тарихы осы кісінің есімімен тығыз байланысты. Оның құрметіне қала мен университетке, тау-кен металлургия комбинатына және 40-тан астам мектепке оның есімі берілген.

 

Егер таныстарыңыздың арасында ғылым қызметкерлері болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

✈️Бүгін — Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні. 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин Қызылорда облысындағы “Байқоңыр” ғарыш айлағынан ұшып шығып, Жерді айнала орбита бойымен ұшып өтті. Бұл тарихи сапар 108 минутқа созылды.

Қазақтың қандай ғарышкерлерін білесіз? 

😿12 сәуір қайғылы күндердің бірі — Халықаралық қараусыз қалған  балалар күні. Түрлі деректерге сүйенсек, бүгінде әлемде 100-150 миллионға жуық қараусыз қалған бала бар. Олардың негізгі мәселесі кедейшілікпен, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықпен тығыз байланысты. Дәл осы себептермен қыздар мен жігіттер отбасылары мен үйлерінен айырылып, күндіз-түні қауіпті жерлерде өмір сүруге мәжбүр. 

🤗Бүгін дүниежүзінде атжалман күні аталып өтеді. Бұл сүйкімді әрі шапшаң кеміргіш алғашында далада, індерде тіршілік етсе, тек ХХ ғасырда ғана үй жануары ретінде таныла бастады. Атжалмандарды (хомяк) АҚШ, Батыс Еуропа елдерімен қатар, Қазақстан халқы да ерекше жақсы көреді. Айтпақшы, TikTok-та “Хомяк” лақап атымен танылған алматылық Алина Ким – ТМД кеңістігіндегі ең танымал тиктокер қыздардың бірі.

 

Сізге қай жануар ұнайды: атжалман немесе қоян?