«Үйде жатпа» күнтізбесі. 12 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 12 Желтоқсан, 2022


☑️Бүгін – Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні. 1991 жылы 12 желтоқсанда еліміздің қаржы, салық және кеден қызметін жаңадан құру туралы ереже бекітілді. Осылайша, ҚР Кеден комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасы болып қайта құрылды. 

Кеденнің негізгі міндеттері – Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шет елге шығарудың алдын алу, қару-жарақ, есірткі заттар тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және тағы басқалар.

 

Егер таныстарыңыздың арасында кеден қызметкерлері болса, оларды міндетті түрде мерекесімен құттықтап қойыңыз!

☑️ Сондай-ақ бүгін – халықаралық денсаулық сақтау қызметін жаппай қамту күні аталып өтеді. Соңғы жылдары орын алған COVID-19 пандемиясы әлемнің денсаулық сақтау ұйымдарының беріктігін тексерудің айқын көрстекіші болды. Аталмыш жағдай халыққа медициналық қызмет көрсетудің шұғыл қажеттілігін көрсетті. Халықты медициналық көмекпен жалпы қамту – адамдардың физикалық және психикалық денсаулығын нығайтуға, олардың әл-ауқаты мен орташа өмір сүру ұзақтығын арттыруға қызмет етуі керек.

 

☑️12 желтоқсан – халықаралық бейтараптық күні. 

Бұл мереке – БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен бекітілді. Халықаралық бейтараптық күнінің негізгі мақсаты – соғыстан бас тартып, бейбіт уақытта әскери күштің толқынына қатыспау. Бейтараптық саясатын ұстанған мемлекеттер тарихтың әртүрлі кезеңінде өздерін және өз азаматтарын басқа аумақтарда болған соғыстардың жойқын әсерінен қорғап отырды.  

Қыркүйек айында ел президенті көрші мемлекеттермен және ел ішінде бейбітшілікті сақтау үшін Қазақстанның сыртқы саясаттағы бейтарап ұстанымын тағы да растады.

 

Осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

☑️12 желтоқсан – танымал қос тұлғаның туған күні. 1915 жылы америкалық актер, әнші әрі шоумэн Фрэнк Синатра (1915-1998) дүниеге келді. Ол тоғыз рет «Грэмми» сыйлығының лауреаты атанған. Сонымен қатар шығармашылық мансабының 60 жылында әртүрлі авторлардың екі мыңнан астам әндерін орындап, әлемнің 40-тан астам еліне гастрольдік сапар жасады. Ал әндері жазылған таспа 150 миллионнан астам данамен сатылды.  Ол табысты киноактерлердің қатарына енді. Яғни, 60 фильмге түсіп, «Оскар»сыйлығының лауреаты атанды. 

94 жыл бұрын қырғыз жазушысы, Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының халық жазушысы Шыңғыс Айтматов (1928-2008) дүниеге келді. Оның бүкіл шығармашы­лы­ғы мен өмірі бастан-аяқ қазақ хал­қымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәми­ла­дан» бастап, әлемге та­ны­мал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасыр­дан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты бар­лық шығар­масындағы көркем образдарының рухы мен мінезі қыр­ғыздан гөрі қазаққа өте жақын еді. 2008 жыл Қырғызстанда Айтматов жылы болып жарияланғанды. Шыңғыс Айтматовтың шығармалары әлемнің 100-ден астам тіліне аударылды. Оның «Ана-Жер Ана» туындысын даңқты режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің жетекшілігімен 1964 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанып, бұл туынды күні бүгінге дейін репертуардан орын алып келеді.

 

Сізге Шыңғыс Айтматовтың қай шығармасы ұнайды?