🥳Бүгін — Қазақстан кеденшілерінің күні. 1991 жылы 12 желтоқсанда Мемлекеттік кеден комитеті құрылды. Еліміздегі кеден қызметкерлерінің негізгі міндеті — экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шет елге шығарудың алдын алу, қару-жарақ пен есірткілерді тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және тағы басқалар.
Егер таныстарыңыздың арасында кеден қызметкерлері болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз!
🤒12 желтоқсан – Халықпаралық денсаулық сақтау қызметін жалпыға бірдей қамту күні аталып өтеді. Өздеріңіз білетіндей, соңғы уақытта әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау жүйесінің күшін айтарлықтай сынады. Аталмыш жағдай халыққа кез келген уақытта медициналық қызмет көрсетудің шұғыл түрде қажет болатынын түсіндірді. Халықты медициналық көмекпен жалпы қамту – адамдардың физикалық және психикалық денсаулығын нығайтуға, олардың әл-ауқаты мен орташа өмір сүру ұзақтығын арттыруға қызмет етуі қажет.
🙌12 желтоқсан БҰҰ бастамасымен халықаралық бейтараптық күні аталып өтеді. Бұл күннің негізгі мақсаты – соғыстан бас тартып, бейбіт уақытта әскери күшті қолданбау. Бейтараптық саясатты ұстанған мемлекеттер тарихтың әртүрлі кезеңінде өздерін және қарапайым халықты басқа елдерде болған соғыстың жойқын әсерінен қорғауға тырысты. Ел президенті көрші мемлекеттермен және ел ішінде бейбітшілікті сақтау үшін Қазақстанның сыртқы саясаттағы бейтарап ұстанымын әрдайым қолдайды.
Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?
👥12 желтоқсан өмірге келген танымал ер адамдар. 108 жыл бұрын америкалық мәдениеттің аңызы Фрэнк Синатра (1915-1998) дүниеге келді. 60 жылдық мансап жолында ол екі мыңнан астам ән орындап, әлемнің 40-тан астам еліне гастрольдік сапар жасады. Өнер иесінің әндері басылған жазбалар 150 миллионнан астам данамен сатылды. Ол Грэмми сыйлығын 11 мәрте иеленіп, «Оскар» сыйлығының иегері атанды. Актер 60 фильмде өнер көрсетті. Сонымен қатар 95 жыл бұрын Қырғызстан мен Қазақстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматов (1928-2008) дүниеге келді. Оның қалам қуатынан туындаған шығармалары ерекше. Ал роман кейіпкерлері оқырмандарды ішкі сұлулығымен баурап алады. Шыңғыс Айтматовтың кітаптары әлемнің 176 тіліне аударылып, 128 елде жарық көрді. Жазушының шығармалар желісі бойынша 20-дан астам фильм түсірілді. 1957 жылы Луи Арагонның аудармасымен француз тілінде шыққан «Жәмила» әңгімесі оны әлемге танымал етті.
Сізге Шыңғыс Айтматовтың қай шығармасы ұнайды?