«Үйде жатпа» күнтізбесі. 13 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 13 марта, 2025


🥪13 наурыз – Халықаралық диета күні. Бүгін Халықаралық диета күні атап өтіледі. Тағамның адам денсаулығына әсері ежелгі дәуірден белгілі. Ежелгі Грекия мен Рим тұрғындары өздерінің физикалық және психологиялық жағдайын жақсарту үшін әртүрлі диеталар ұстанған. Ал Спартада тағамды тым дәмді әзірлеген аспазды тамағымен бірге құздан лақтырып жіберген екен. Бүгінде диета түрлері сан алуан. Әр адам өзіне қолайлысын таңдап, дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыра алады. Егер сіз салмақ тастауды көздемесеңіз, ең болмағанда бір күндік жеңілдетілген тамақтану ағзаңызға пайдалы болатынын еске саламыз.

 

Сіз диетаның қай түрін ұстанасыз? 

 

 

 

👀Бүгін — Дүниежүзілік эндометриоз туралы ақпараттандыру күні. Бұл гинекологиялық ауру әлем бойынша 176 миллионға жуық әйелде кездеседі. Дәрігерлердің айтуынша, эндометриозды уақытылы емдемеу — бала көтеруде қиындықтар туындатып, бедеулікке алып келеді. Ауруды өздігінен анықтау қиын болғандықтан, жыл сайын 13 наурызда әйелдер денсаулығына ерекше мән беріп, тұрақты түрде медициналық тексеруден өтуге шақырылады.

Өзіңізге әрдайым қамқорлық жасаңыз және деніңіз сау болсын

 

👤Бүгін қазақ музыка өнерінің аса көрнекті өкілі, композитор, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі Мұқан Төлебаевтың (шын есімі – Мұхаммедсәлім) туғанына 112 жыл толды (1913-1960). 100-ден астам музыкалық шығарманың авторы, қазақ мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Мұқан Төлебаевтың ең үздік шығармасы – «Біржан – Сара» операсы. Бұл туынды ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының ең биік жетістіктерінің бірі Е.Брусиловскиймен және Л.Хамидимен бірге Қазақ КСР Мемлекеттік Гимнінің (1945-1992) және Қазақстан Республикасының Гимнінің (1992-2006) музыкасын жазды.

 

👥1991 жылы 13 наурызда қазақтың екі атақты тұлғасы өмірге келді. Бүгін бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 34 жасқа толды. Ол бокстан әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы. Ал кәсіпқойлар арасында IBF Inter-Continental чемпионы және IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы болды. Сонымен қатар бүгін эстрада әншісі әрі бірнеше әннің авторы Ернар Айдар да 34 жасқа толды. 2014 жылы ол “Алтын микрофон” ұлттық музыка байқауының “Үздік әнші жігіт” номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ал 2016 жылы “Интернет таңдауы” номинациясында EMA Eurasian Music Award сыйлығын жеңіп алды.

 

Сізге Ернардың қай әндердің көбірек ұнайды?