«Үйде жатпа» күнтізбесі. 14 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 14 Ақпан, 2024


🩷 14 ақпан әлемнің көптеген елі Валентин күнін тойлайды. Аңыз бойынша, Рим императоры Клавдий II сарбаздарына соғыс кезінде некеге тұруға рұқсат бермеген. Өйткені ол махаббат пен некенің ешқайндай байланысы жоқ деп санады. Осылайша 269 жылы сол Әулие Валентин Клавди II императордың кезінде өлім жазасына кесілген. Нәтижесінде ол ғашықтардың қамқоршысы атанды. Дәстүр бойынша бұл күні ғашықтар бір-бірін құттықтап, сыйлық беріп, ізгі тілектерін жазады.

Сізге қай мереке ұнайды: Валентин күні әлде Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні ме?

📚 Бүгін кітап сүйер қауым кітап сыйлау күнін атап өтеді. Мереке америкалық балаларға арналған кітап веб-сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмурдың бастамасымен танымалдығы кең етек жайды. Бір күні оның ұлы анасынан: “неге адамдар арасында кітап сыйлау күні белгіленбеген?” деп сұрайды. Осылайша ол баласының сұрағына жауап тауып, қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды қолға алады. Мұны Эмми әлеуметтік желіде танымал блогерлердің көмегімен жасайды. 2012 жылдың 14 ақпанында алғаш рет кітап сыйлау акциясы өтті. 

Кітап сүйер қауымды осы мерекемен құттықтаймыз!

💻 Бүгін – Халықаралық компьютер күні. Қазіргі таңда информатика мамандарының негізгі міндеттеріне компьютерлік желілер мен ақпараттық базаларды әзірлеу, техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету мен қосымшаларды орнату кіреді. Аталмыш күн белгілі бір себептерге байланысты таңдалды. 1946 жылы 14 ақпанда нақты жұмыс істейтін ENIAC I электронды компьютері ғылыми әлемге жол тартты. Оның жұмысына америкалық әскер демеушілік жасады.

Егер таныстарыңыздың арасында информатиктер болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз!

👥 14 ақпан өмірге келген қазақтың атақты тұлғалары. 81 жыл бұрын сәулетші, дизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тимур Сүлейменов (1943-2018) дүниеге келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол бірінші шығарылымда болған теңгенің дизайнын, мемлекеттік рәміздерді және әскери киім үлгісін әзірлеуге белсене ат салысты. Тимур Мәскеудегі Абай ескерткішінің және Алматыдағы Желтоқсан-Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы “Желтоқсан, 1986, Тәуелсіздік таңы” монументінің авторы. 

Сонымен қатар бүгін әнші, SuperStar KZ реалити-шоуының екінші маусымының жеңімпазы Қайрат Түнтеков 38 жасқа толды. Өнер иесі Юрмалада өткен “Жаңа толқын” халықаралық байқауында “Мінсіз әртіс” жүлдесіне ие болды. 2018 жылы I am singer Kazakhstan байқауының гранд-финалында жеңіске жетті.

 

Қайрат Тунтековтың қай әнін ұнатасыз?)