«Үйде жатпа» күнтізбесі. 14 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 14 февраля, 2025


🩷14 ақпанда әлемнің көптеген елі “Ғашықтар күнін” атап өтеді. Аңызға сүйенсек, 269 жылы Рим императоры Клавдий II әскерилерге үйленуге тыйым салады. Алайда бұл бұйрыққа бағынбаған діни қызметкер Валентин жас жұбайлардың жасырын некесін қиып отырған. Сол себепті ол өлім жазасына кесіліп, кейіннен барлық ғашықтың қорғаушысы ретінде танылды. Дәстүр бойынша, аталған күні ғашықтар бір-бірін құттықтап, сыйлық беріп, ізгі тілектерін жазады.

Сізге қай мереке ұнайды: Валентин әлде Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні ме? 

📖Бүгін кітап сүйер қауым ерекше мереке — Кітап сыйлау күнін атап өтеді. Бұл бастаманы америкалық балалар әдебиеті сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур көтерген. Бір күні оның ұлы анасынан: “Неге адамдар арасында арнайы кітап сыйлау күні жоқ?” деп сұрайды. Осылайша анасы бұл ойдың маңыздылығын түсініп, қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды қолға алады. Ол бұл идеяны танымал блогерлер мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратты. Осылайша, алғашқы Кітап сыйлау күні 2012 жылы 14 ақпанда өтті.

Кітап сүйер қауымды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

 

🤐Бүгін — Халықаралық бағдарламашылар күні. Қазіргі таңда компьютер мамандары есептеу желілерін дамыту және қолдау, ақпараттық дерекқорлар мен серверлерді басқару, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету мен қосымшаларды орнату сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Бұл күннің таңдалуы да тегін емес: 1946 жылдың 14 ақпанында әлемге алғаш рет толыққанды жұмыс істейтін электронды компьютер – ENIAC I таныстырылды. Бұл жоба АҚШ әскерінің қаржыландыруымен жүзеге асты.

Егер таныстарыңыздың арасында бағдарламашылар болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

👥14 ақпанда өмірге келген қазақтың атақты тұлғалары. 82 жыл бұрын сәулетші, дизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тимур Сүлейменов (1943-2018) дүниеге келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол бірінші шығарылымда болған теңгенің дизайнын, мемлекеттік рәміздерді және әскери киім үлгісін әзірлеуге белсене атсалысты. Тимур Мәскеудегі Абай ескерткішінің және Алматыдағы Желтоқсан-Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы “Желтоқсан, 1986, Тәуелсіздік таңы” монументінің авторы. Сонымен қатар бүгін әнші, SuperStar KZ реалити-шоуының екінші маусымының жеңімпазы Қайрат Түнтеков 39 жасқа толды. Өнер иесі Юрмалада өткен “Жаңа толқын” халықаралық байқауында “Мінсіз әртіс” жүлдесіне ие болды. 2018 жылы I am singer Kazakhstan байқауының гранд-финалында жеңіске жетті.

 

Қайрат Тунтековтың қай әнін ұнатасыз?)