«Үйде жатпа» күнтізбесі. 14 қараша: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 14 ноября, 2024


😋Бүгін — Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні. 14 қарашаның таңдалу себебі: осы күні инсулин жасау арқылы көптеген адамның өмірін сақтап қалған Нобель сыйлығының лауреаты Фредерик Бантинг (1891-1941) дүниеге келді. Қант диабеті — атеросклероз және қатерлі ісік сияқты мүгедектік пен өлімге әкелетін аурулардың бірі. Дүниежүзінде шамамен 537 миллион адам қант диабетінен зардап шегеді. Оның 400 мыңнан астамы — қазақстандықтар. Аурудың дамуының негізгі факторлары — қозғалыстың аз болуы, дұрыс тамақтанбау, семіздік, стресс және тұқым қуалаушылық. 

Барлық оқырманымызға зор денсаулық тілейміз!

 

👣14 қарашада халықаралық логопед күні аталып өтеді. Логопедтің міндеті — сөйлеу кемшіліктерін зерттеу, оларды анықтау және арнайы әдістер қолдану. Бүгінгі таңда логопед тұтынушыларының көпшілігі — мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар. Сондай-ақ мұндай мамандар ересектердің де сөйлеуге байланысты мәселелерін шешеді. Логопедтің жұмысы үлкен жауапкершілікке толы. Өйткені дұрыс сөйлеу – өзіне деген сенімділіктің кепілі. 

 

Егер таныс логопедтер болса, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

👀2013 жылғы 14 қарашада Қазақстан тұтынушыларының құқықтарын қорғау агенттігі құрылды. Оның қызметіне тұтынушыларға сатылатын өнімдер мен қызметтерге қойылатын техникалық регламенттер, нормативтік құжаттар, сондай-ақ оны өткізу сатысында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласында белгіленген талаптардың сақталуын бақылау мен қадағалау жатады. Бүгінде оның функциялары мен өкілеттіктері сауда және интеграция министрлігінің тиісті комитетіне берілді.

 

Егер сізде өнімді немесе қызметті сатып алуда қиындықтар туындаса, бұл туралы веб-сайтқа жаза аласыз https://e-tutynushy.kz

👥14 қараша — танымал екі ер адамның туған күні. Бүгін Ұлыбритания королі Карл III 76 жасын атап өтеді. Ол Ұлыбритания тарихында ең ұзақ билікте болған тақ мұрагері әрі Уэльс ханзадасы. Ал көпшілік оны «ханзада Чарльз» деп атап келеді. Карл III 73 жасында таққа отырып, билігі басталған кезде ең қарт патшалардың бірі атанды. Сондай – ақ бүгін қазақ боксшысы, Шыңғыс ханның алтын белбеуінің иегері Айдос Ермосынұлы 33 жасқа толды. Ол WBA International, WBO Global және WBC Asian чемпионы. 2022 жылы мансап жолында ол алғаш рет жеңіліске ұшырады. Ал жарақатынан кейін миына қан кетіп,  ауруханада жасанды комаға жатты. Қазір спортшы тексерістен өтіп, келесі жылы рингке оралуға уәде берді.

 

Айдосқа мансап жолында тек жеңістер тілейміз!