«Үйде жатпа» күнтізбесі. 14 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 14 мая, 2025


💼14 мамыр – Халықаралық фрилансерлер күні. Мұндай адамдар кеңседе отырып, жалдамалы жұмыс істемейді. Алайда өз қалауы мен мүмкіндіктеріне сәйкес тапсырыс берушілер мен жұмысты тауып, өздеріне ыңғайлы кесте бойынша еңбек етеді. Фриланс — еркін әрі ыңғайлы жұмыс түрі. Өйткені ол тапсырыс беруші мен мердігерді тек бір аумақтан іздемейді. Олар әлемнің кез келген жерінен жұмыс істеп, аударымдар мен төлемдерді онлайн түрде қабылдай береді. Сондықтан фрилансерлердің саны күн сайын артып келеді.

 

 

💪2015 жылы 14 мамырда Швейцарияда Frank Muller мануфактурасы Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген сағаттардың шектеулі сериясын шығарды. Олардың құны 29 мың доллар болды. Ал алтыннан жасалғаны 35 мың долларды құрады. Қазақстан нарығында осы тауарды ұсынатын өкілдердің айтуынша, сағаттың санаулы саны ғана шығарылған. Бір қызығы, бағасы қымбат болғанымен сағат лезде сатылып кеткен. Швейцариялық брендтер қазақ рәміздері бар сағаттарды бірнеше мәрте шығарды. Ең қымбат көшірмелерінің құны 250 мың долларға жетті.

 

Сіз осындай сағатты сатып алар ма едіңіз? 

👀Бүгін вазелиннің пайда болған күні. 1878 жылы 14 мамырда британдық-америкалық химик Роберт Чесбро аталған өнімді патенттеді. Мұнайшылармен жұмыс істеу барысында оның назары бір нәрсеге ауады. Яғни, жұмысшылар алған жарақаттары мен күйіктеріне ерекше бір дәрі жағып жатқанын байқайды. Бұл заттың теріні қалпына келтіруге көмектесетінін аңғарған ғалым оның пайдалы құрамдарын зерттеп, бөліп алып, нәтижесінде бүгінде әлем бойынша ең танымал май түрі —  “майлы желе” пайда болды.

 

Ал сіз күйікті қалай емдейсіз?

👥14 мамыр — қос тұлғаның туған күні. Бүгін Голливудта өнер көрсеткен тұңғыш қазақ актері Нұржұман Ықтымбаев 84 жасқа толды. Көптеген мемлекеттік және кәсіби марапаттардың иегері 150-ден астам рөлдерді сомдап шықты. Оның кейіпкерлері әртүрлі мінезбен ерекшеленеді. Мәселен, жұмсақ та, қатал да әрі шешім шығаруға бейім де бола алады. Сонымен қатар бүгін Facebook-тің негізін қалаушы және Meta Platforms компаниясының бас директоры Марк Цукерберг 41 жасқа толды. 23 жасында ол әлемдегі ең жас миллиардер атанды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, оның байлығы 167 миллиард долларды құрап, ең бай адамдар тізімінде 4-ші орында тұр.