«Үйде жатпа» күнтізбесі. 14 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 14 мая, 2024


👤14 мамыр – Халықаралық фрилансерлер күні. Бұл адамдар әдетте кеңседе отырып, жалдамалы жұмыс істемейді. Алайда өз қалауы мен мүмкіндіктеріне сәйкес тапсырыстар мен тұтынушыларды тауып, өздері үшін жұмыс жоспарын ұйымдастырады. Фрилансерлік жұмыс ыңғайлы болып келеді. Өйткені ол тапсырыс беруші мен мердігерді тек бір аумақтан іздемейді. Олар әлемнің кез келген жерінен жұмыс істеп, аударымдар мен төлемдерді онлайн түрде қабылдай береді. Сондықтан фрилансерлердің саны күн сайын артып келеді.

👀2015 жылы 14 мамырда Швейцарияда Frank Muller мануфактурасы Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген сағаттардың шектеулі сериясын шығарды. Олардың құны 29 мың доллар болды. Ал алтыннан жасалғаны 35 мың долларды құрады. Қазақстан нарығында осы тауарды ұсынатын өкілдердің айтуынша, сағаттың санаулы саны ғана шығарылған. Бір қызығы, бағасы қымбат болғанымен сағат лезде сатылып кеткен. Швейцариялық брендтер қазақ рәміздері бар сағаттарды бірнеше мәрте шығарды. Ең қымбат көшірмелердің құны 250 мың долларға жетті.

 

Сіз осындай сағатты сатып алар ма едіңіз? 

 

👄Бүгін вазелиннің пайда болған күні. 1878 жылы 14 мамырда британдық-америкалық химик Роберт Чесбро аталмыш өнімді патенттеді. Мұнайшылармен жұмыс істеу барысында оның назары бір нәрсеге ауады. Яғни, жұмысшылар алған жарақаттары мен күйіктеріне ерекше бір дәрі жағып жатқанын байқайды. Бұл затты зерттей келе, оның теріні қалыпқа келтіруде пайдалы екенін әрі жазылу процесін тездететініне көз жеткізеді. Химик пайдалы компоненттерді анықтап, оларды ажырата алды. Әлемге танымал жақпа май осылай пайда болды. Оны алғаш рет “майлы желе” деп атады. 

 

Ал сіз күйікті қалай емдейсіз?

👥14 мамыр — қос тұлғаның туған күні. Бүгін Голливудта өнер көрсеткен тұңғыш қазақ актері Нұржұман Ықтымбаев 83 жасқа толды. Көптеген мемлекеттік және кәсіби марапаттардың иегері 150-ден астам рөлдерді сомдап шықты. Оның кейіпкерлері әртүрлі мінезбен ерекшеленеді. Мәселен, жұмсақ та, қатал да әрі шешім шығаруға бейім де бола алады. Сонымен қатар бүгін Facebook-тің негізін қалаушы және Meta Platforms компаниясының бас директоры Марк Цукерберг 40 жас мерейтойын атап өтеді. 23 жасында ол әлемдегі ең жас миллиардер атанды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, оның байлығы 167 миллиард долларды құрап, ең бай адамдар тізімінде 4-ші орында тұр.