☀️14 сәуірде өршіл мақсат қоюға итермелейтін “Биіктерге ұмтыл” күні аталып өтеді. Бұл күн әрбір адамды арман жолында батыл қадам жасауға үндейді. Расымен де, жайлы аймақтан шықпай өмір сүру жеңіл әрі қауіпсіз көрінуі мүмкін. Алайда жаңа дүниелерге ұмтылу, белгісіз жолға қадам басу – өзіндік өсу мен жаңашылдықтың бастауы. Егер жасаған әрекетіңіз күткендей нәтиже бермесе, мұңаюдың қажеті жоқ. Ең бастысы — өзіңізді жеңіп, әрекеттене алғаныңыз. Бұл – өз алдына үлкен жетістік. Жағдайды саралап, алға қадам басудан тартынбаңыз!
Жаңа бастамаларыңызға табыс, істеріңізге береке тілейміз!
🌥Бүгін “Аспанға көз таста” атты тағы бір қызық күн аталып өтеді. Сәуір айының ортасында Жерге ерекше құбылыс – Лирид метеор жауыны түседі. Бұл – адамға еш қауіп төндірмейтін, табиғаттың таңғажайып сыйы. Сонымен қатар осы кезеңде кіші планеталар шеруі мен өзге де астрономиялық көріністер орын алады – оларды кез келген адам аспанға қарап тамашалай алады. Табиғаттың ғажайып сұлулығына куә болу үшін гаджеттерді бір сәтке ысырып, аспанға көз тастау жеткілікті. Бұл – қоршаған әлемді тануға, ой кеңістігін кеңейтуге таптырмас мүмкіндік.
Ал сіз жұлдыздарға қарағанды ұнатасыз ба?
👀14 сәуірде Кореяда “Қара күн” тойланады. Аталған мерекені бойдақтар Әулие Валентин күнінен кейін тойлауды әдетке айналдырған. Оңтүстік Кореяда адамдар бір-біріне сыйлық тарту ететін екі ерекше мереке бар. Бірі — Әулие Валентин күні (14 ақпан). Бұл мерекеде әйелдер ер адамдарға сыйлық ұсынады. Екіншісі — Ақ күн (14 наурыз). Аталған күні ерлер жауап ретінде әйел адамдарға сыйлық сыйлайды. Ал “Қара күн” — қос мерекеде де сыйлық алмаған жандарға арналады. Әдетте, бұл күні бойдақтар қара киімдерін киіп, бас қосады. Осылайша барлығы қара соя пастасы қосылған кеспемен тамақтанады.
Ал сіз Әулие Валентин күнінде сыйлық алдыңыз ба?
👥14 сәуірде дүниеге келген атақты тұлғалар. 114 жыл бұрын қазақ әдебиетінің сыншысы, жазушы Белгібай Шалабаев (1911-1990) өмірге келді. Ол “Әдебиет майданы”, “Жекпе-жек” әңгімелерінің, “Өмірде не болмайды” повестер мен фельетондар жинағының авторы. Сонымен бірге “Қазақ әдебиеті тарихының” бірінші томын жазған. “Қазақ прозасының тарихы”, “Әйел кейіпкерінің сюжеті”, “Қазақ романының тарихы” монографияларының авторы. Бүгін америкалық актер және продюсер Эдриен Броди 52 жасқа толды. Өнер иесі екі мәрте “Оскар” сыйлығын иеленді. Алғашқы “Оскарды” 29 жасында жеңіп, тарихта беделді марапатты иеленген ең жас актер атанды. Көпшілік оны “Кинг Конг”, “Пианист” және “Күрте” фильмдеріндегі рөлдері арқылы жақсы таниды. Тіпті астероидтардың біріне өнер иесінің есімі берілген.