«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 февраля, 2024


🧠15 ақпан — Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні. Жыл сайын әлемде 200 мыңға жуық нәресте қатерлі ісікке шалдығып, олардың 50% — ы көз жұмады. Бұл күннің басты мақсаты – педиатрлардың, кәсіби медициналық қауымдастықтың және әлеуметтік жауапты азаматтардың балалар онкологиясына байланысты жетістіктері мен туындаған мәселелерін үнемі бөлісіп, ақпараттандыру деңгейін арттыру. Қатерлі ісікке шалдыққан бүлдіршіндердің өмір үшін күресі қоғамды кішкентай батырларды қолдауға әрі оларды еске алуға шақырады. 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

🪖Бүгін — Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылған күні. 1989 жылы 15 ақпанlf 40-шы Кеңес Армиясы мен оған бекітілген бөлімдер Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағынан шығарылды. 10 жылда Ауғанстанда Кеңес Одағының 500 мыңнан астам азаматы интернационалдық борышын өтеді. Оның 22 269-ы — қазақтар. Өкінішке қарай, соғыстан 15 мыңға жуық жауынгер оралмады. Қазақстанның шығыны 889 адамды құрады. 

Ауғанстанда қызмет еткен таныстарыңыз болса, аталмыш күнмен құттықтап қойыңыз! 

👣2014 жылдың 15 ақпанында мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Сочиде өткен ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль салып, қола жүлденің иегері атанды. Бұл еліміз үшін қуанышты хабар болды. Себебі Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарында алғаш рет жүлделі орынға ие болған еді. Сонымен қатар Денис төрт құрлық чемпионатында және басқа да ірі турнирлерде жеңіске жетіп, әлемнің вице-чемпионы атанды. Спортшы 2018 жылдың 19 шілдесінде туған жері Алматыда автокөлік әйнегінің ұрылары қолынан қаза тапты.

👥15 ақпан өмірге келген қазақтың танымал тұлғалары. 110 жыл бұрын қазақтың тұңғыш кинорежиссері Шәкен Айманов (1914-1970) дүниеге келді. Ол режиссер ретінде ғана емес, театр мен кино сахнасында актер ретінде де танымалдыққа ие болды. Өнер иесінің туындылары адамдарға үміт пен сүйіспеншілік сыйлап, оларға армандауды және бақытты болуды үйретті.  1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың есімі берілді. Сонымен қатар 109 жыл бұрын тұңғыш қазақ тарих ғылымдарының докторы Ермұхан Бекмаханов (1915-1966) дүниеге келді. 1952 жылы ол «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты еңбегі үшін қамауға алынды. Мұнда  ол Кенесары хан көтерілісін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы деп атады. Ал Евгений Тарле, Яковлев, Семён Бушуев есімді тарихшылар бұл еңбекті «Ресейге қарсы ұлттық көтерілісті мадақтап, орыстарға қарсы жазылған» деп бағалады. Ол 25 жыл түрмеде отырды. Бірақ Сталин қайтыс болғаннан кейін босатылып, ақталып шықты. Бекмаханов қазақтардың мәдениеті мен өнерінің тарихына арналған еңбектердің, Қазақстан тарихы бойынша оқулықтар мен оқу құралдарының да авторы. 

Шәкен Аймановтың қай фильмі ұнайды?