«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 қаңтар: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 января, 2024


👏Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. 1934 жылы 14 қаңтарда Қазақстандағы жетекші университеттің ресми ашылуы өтті. Бүгінде оның құрамында 16 факультет, 32 ғылыми-зерттеу институт пен орталық, технопарк бар. Білім ордасында 2 мыңнан астам профессор, доктор, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академик, Қазақстанның 40-тан астам еңбек сіңірген қайраткері жұмыс істеді. Университетте 25 мыңнан астам студент пен магистрант білім алады. 2023 жылы халықаралық рейтингте ҚазҰУ Орталық Азиядағы университеттер арасында ең жоғары рейтингке ие болды.

 

ҚазҰУ студенттері мен түлектерін альма-матердің туған күнімен құттықтаймыз!

👌Бүгін Wikipedia күні аталып өтеді. 2001 жылдың 15 қаңтарында Уикипедия өз жұмысын бастады. Ол ақпарат көлемі мен тақырыптық қамтуы бойынша адамзат тарихындағы ең көлемді энциклопедия. Сайттың иесі америкалық коммерциялық емес ұйым — Wikipedia Foundation. Оның авторлары мен редакторлары дүниежүзінің 250-ден астам тілінле мақала жазып,  аударма жасаумен айналысады. Қазақша Уикипедия 2002 жылы ашылды. Мұнда әртүрлі тақырыпта 232 мыңнан астам мақала бар. Бұл көрсеткіш бойынша қазақша Уикипедия барлық тілдік бөлімдер арасында 40-орында тұр.

Ал сіз Wikipedia ақпаратын жиі пайдаланасыз ба? 

🤝Бүгін көңілсіз дүйсенбі күні аталып өтеді. Британдық психологтар әзірлеген «бақыт формуласына» сәйкес, қаңтардың үшінші дүйсенбісінде көп адамның көңіл күйі құлазиды. Бұған ауа райы, жаңа жылдан кейін жинақталған қарыздар, коммуналдық төлемдер мен пәтер ақысы, сондай-ақ жалақыға дейін екі аптаның қалуы әсер етіп жатады. Бірақ ғалымдар өз жұмымысын махаббатпен істейтін жандар “көңілсіз дүйсенбіні» оңай еңсеріп шығатынын атап өтті.

👥15 қаңтар қос тұлғаның туған күні. 403 жыл бұрын XVII ғасырдың француз комедиографы, классикалық комедияның негізін қалаушы әрі өз театрының актері Мольер (1622-1673) дүниеге келді. Оның «Тартюф» және «Дон Жуан» шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің  барлық театрында сахналанып келеді. Өнер иесінің көптеген шығармасын Ғабит Мүсірепов қазақ тіліне аударды. Мольердің құрметіне орай Меркурийдегі кратерге және Францияның басты театр сыйлығына есімі берілді. Сондай – ақ 95 жыл бұрын қара нәсілділердің құқығын қорғаушы Мартин Лютер Кинг (1929-1968) дүниеге келді. Кинг азаматтық құқықты зорлық-зомбылықсыз қорғауды жақтады. Қауіп-қатерге қарамастан, ол АҚШ халқының кең қолдауына ие болған бірнеше ірі акцияны басқарды. Өкінішке қарай, қайраткер 39 жасында мергеннің қолынан қаза тапты. Ол  дүниеден өткеннен кейін АҚШ Конгресі нәсіліне, дініне немесе ұлттық шығу тегіне байланысты кемсітуге тыйым салатын акт қабылдады. Кинг — Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты. Оның туған күні Америка Құрама Штаттарында федералды деңгейде аталып өтеді.