«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 мая, 2024


👨‍👩‍👧‍👦15 мамырда Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен халықаралық отбасы күні аталып өтеді. Отбасы ең маңызды әлеуметтік институттардың бірі болғандықтан, оның маңыздылығына ешкім күмән келтірмейді. Себебі отбасы әртүрлі ұрпақ арасындағы дәнекер әрі жеке тұлғаның әлеуметтену процесінің алғашқы қадамы болып келеді. Мемлекеттің болашағы балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасуында үлкен роль атқарады.

Оқырмандарымызды отбасы мерекесімен құттықтаймыз!

🌤Бүгін — Халықаралық климат күні. Бүгінгі таңда климатты сақтау адамзат алдында тұрған жаһандық мәселелердің бірі. “Қазгидромет” РМК мәліметі бойынша қазір көктемгі айлардың температурасы шамадан тыс көтерілуде. Ал 2050 жылға қарай Қазақстанда ауа температурасы 2-3°С көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты елімізде су ресурстарының айтарлықтай тапшылығы туындайды деген болжамдар айтылуда. Атап айтатын болсақ, Австралия, Орта Азия, Таяу Шығыс пен Африка сияқты елдердің қазіргі жағдайы орын алуы мүмкін.

👀15 мамырда туа бітті мең туралы халықаралық хабардар ету күні. Меңдердің көпшілігі адамдар үшін зиянсыз. Олардың кейбіреуі көзге ерсі болып көрінсе, енді бірі адамның сыртқы келбетіне әдемілік беріп, ерекшелеп тұруы мүмкін. Бұл күннің мақсаты — көпшілікті туа бітті дақ туралы хабардар етіп, одан қорықпауға шақыру.

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

👥15 мамырда өмірге келген танымал тұлғалар. 102 жыл бұрын Қазақстаннан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел Хиуаз Доспанова (1922-2008) дүниеге келді. Қазақстанның Халық қаһарманы Ұлы Отан соғысында екі мәрте ауыр жараланса да, қайтадан қызметіне оралып, Жеңісті Берлин маңында қарсы алды. “Эйр Астана” әуе компаниясының бір ұшағы және Атырау халықаралық әуежайы Хиуаз Доспанованың есімімен аталған. Бүгін көркем гимнастикадан Азияның бірнеше дүркін чемпионы Әлия Юсупова 40 жас мерейтойын атап өтеді. 2004 жылы ол Олимпиада ойындарында төртінші орынға ие болды. 2021 жылдан бастап Қазақстан гимнастика федерациясын басқарады.

Әлияның Афиныда доппен өнер көрсетуін мына сілтемеден көре аласыз-2004 https://www.youtube.com/watch?v=ZRp1fVsAifw