«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 Мамыр, 2023


👨‍👩‍👧‍👦15 мамыр Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық отбасы күні аталып өтіледі. Отбасы – ең маңызды әлеуметтік институттардың бірі. Оның маңыздылығына ешкім күмән келтірмейді. Себебі отбасы әртүрлі ұрпақтар арасындағы дәнекер әрі жеке тұлғаның әлеуметтену процесінің алғашқы қадамы болып келеді. Мемлекеттің болашағы балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасуында үлкен роль атқарады. 

 

Оқырмандарымызды отбасы мерекесімен құттықтаймыз! 

🌤Бүгін – Халықаралық климат күні. Бүгінгі таңда климатты сақтау адамзат алдында тұрған жаһандық мәселелердің бірі. «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша қазір көктемгі айлардың температурасы көтерілуде. Ал 2050 жылға қарай Қазақстанда ауа температурасы 2-3°С көтеріледі деп күтілуде. Осыған байланысты елімізде су ресурстарының айтарлықтай тапшылығы туындауы мүмкін. Атап айтатын болсақ, Австралия, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка сияқты елдердің қазіргі жағдайы орын алуы мүмкін. 

🩺15 мамыр – туа бітті мең туралы халықаралық хабардар ету күні. Меңдердің көпшілігі адамдар үшін мүлдем зиянсыз. Олардың кейбіреуі көзге біртүрлі болып көрінсе, енді бірі адамның сыртқы келбетіне әдемілік беріп, ерекшелеп тұруы мүмкін. Бұл күннің мақсаты – көпшілікті туа бітті дақ туралы хабардар етіп, одан қорықпауға шақырады.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба? 

👥15 мамыр өмірге келген танымал тұлғалар. 101 жыл бұрын Қазақстаннан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел Хиуаз Доспанова (1922-2008) дүниеге келді. Қазақстанның Халық қаһарманы Ұлы Отан соғысында екі мәрте ауыр жараланса да, қайтадан қызметіне оралып, Жеңісті Берлин маңында қарсы алды. «Эйр Астана» әуе компаниясының бір ұшағы және Атырау халықаралық әуежайы Хиуаз Доспанованың есімімен аталған. Бүгін көркем гимнастикадан Азияның бірнеше дүркін чемпионы Әлия Юсупова 39 жасқа толды. 2004 жылы Олимпиада ойындарында ол төртінші орынға ие болды. Ал 2021 жылдан бастап Қазақстан гимнастика федерациясын басқарады. 

Әлияның Афиныда доппен өнер көрсетуін мына сілтемеден көре аласыз-2004 https://www.youtube.com/watch?v=ZRp1fVsAifw