«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 марта, 2024


🤝Бүгін — Дүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғау күні. 1961 жылы 15 наурызда АҚШ президенті Джон Кеннеди сөз сөйлеп, “тұтынушы” түсінігіне анықтама берді. Ол аталмыш ұғымды 4 негізгі құқыққа бөліп қарастырды.  Нақтырақ айтсақ, қауіпсіздік, ақпарат, таңдау және тыңдау құқығы. Осы жүйе арқылы әлемнің көптеген елінде тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңдар бекітілген. Қазақстанда да Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен Тұтынушылардың Ұлттық лигасы бар. Егер қандай да бір өнімге немесе қызметке көңіліңіз толмаса, кез келген уақытта осы көрсетілген жерлерге хабарласа аласыз. 

 

👮‍♂️Бүгін белсенділер халықаралық полиция қатыгездігіне қарсы күрес күнін атап өтеді. Аталмыш күн алғаш рет 1997 жылы 15 наурызда Швейцария полициясы екі баланы ұрып-соққан күннен бастау алды. Құқық қорғаушылар полицейлердің негізсіз дене күшін қолдануы, адамның жеке басына шабуылы мен психологиялық қорқытулары моральдық әрі физикалық жарақатқа, тіпті мүгедектік пен өлімге әкелетінін атап көрсетеді.

🚘 Бүгін автокөлік әуесқойлары Rolls-Royce компаниясының туған күнін тойлайды. 1906 жылы 15 наурызда британдық Генри Ройс пен Чарльз Стюарт Роллс аты аңызға айналған компанияны ресми түрде тіркеді. Осы уақытта олар ұшақ қозғалтқыштарын шығарды. Бүгінгі таңда Rolls-Royce әлемдегі ең қымбат көліктерді өндіреді. Оны көп жағдайда дәулетті адамдар сенімділігін арттыру мақсатында емес, мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көрсету үшін сатып алады. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда осы маркадағы 50-ге жуық көлік тіркелген.

 

Сізге қай марканың көліктері ұнайды?🚗

🎻15 наурыз — қазақтан шыққан атақты екі скрипкашының туған күні. Бүгін Қазақстанның халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева 66 жасқа толды.  Ол көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, дипломант және қазылар алқасының мүшесі. Халық әртісі “ХХ ғасырдың көрнекті 2000 музыканты” атты IBC Дүниежүзілік құрметті тізіміне енгізілген. Сонымен қатар Астана қаласының Құрметті тұрғыны. Сонымен қатар бүгін виртуоз скрипкашы, дирижер және Бирмингем консерваториясының профессоры Марат Бисенғалиев 62 жасын атап өтеді. Ол — Азия-Тынық мұхиты оркестрлері Альянсының директорларының бірі. 2010 жылы Марат Бисенғалиев тәуелсіз сауалнама бойынша Қазақстанда «онжылдықтың музыкалық символы» болып таңдалды. Ол өмірінің көп бөлігін шетелде өткізсе де, Қазақстан азаматы болып қала береді.

 

Туған күн иелеріне ұзақ өмір және шығармашылық табыс тілейміз!🎶