«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 апреля, 2024


💞15 сәуірде “Ұлттық ғашықтар күні”тойланады. Бұл мереке Шығыс Қазақстан облысы Тарлаулы ауылының маңында кесенесі орналасқан “Қозы Көрпеш — Баян сұлу күні” деп те аталады. Жастарды салт-дәстүрге баулу мақсатында ғашықтардың ұлттық мерекесін атап өту бастамасы 2011 жылы көтерілді. Осылайша алматылық студенттер аспанға үш мыңнан астам қағаз шамдарды ұшыру арқылы мерекені тойлау дәстүрінің негізін қалады.

 

Сіз бұл күнді қалай атап өтесіз?

👨‍🏫15 сәуірде халықаралық экологиялық білім күні аталып өтеді. Бұл күннің басты мақсаты – әлем тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақты табиғат пен оның ресурстарына құрметпен қарауға шақырады. Иә, Қазақстанда да бұрынғы ядролық полигондар, Арал теңізінің құрғауы, ірі қалалардағы ауаның ластануы, өзен-көлдердің тайыздануы, ауыл шаруашылығы жерлерінің шөлейттенуі және т.б. сияқты күрделі экологиялық проблемалар бар. Егер әр адам тек қара басының қамын ойлайтын болса, онда аталмыш мәселелерлі шешу мүмкін болмайды.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба? 

🎨Бүгін — Дүниежүзілік өнер күні. Аталмыш мереке кездейсоқ таңдалмады. Нақтырақ айтсақ, 1452 жылы 15 сәуірде  дүниеге келген атақты итальяндық суретші Леонардо да Винчидің құрметіне орай белгіленген. Мұны Халықаралық өнер қауымдастығы бейбітшіліктің, көркем ой еркіндігінің және өзін-өзі көрсетудің символы деп жариялады. Әдетте, бұл күні ашық аспан астында көрмелер, конференциялар және мұражай сағаттары өткізіледі. Өнер күнін тойлау идеясын “Google Art Project” жобасы қолдады. Олар адамдарға интернет арқылы жоғары сападағы өнер туындыларына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынды. 

 

Сағат 11:00-де қандай көрмені тегін тамашалауға болатынын хабарлаймыз. 


💪1395 жылы 15 сәуірде кавказдық Терек өзенінің жағасында Темірлан жасағы мен Алтын Орда ханы Тоқтамыс арасында үлкен шайқас болды. Темірлан 150 000 әскерімен, Тоқтамыстың 180 000 сарбазына қарсы шықты. ХІV ғасырдағы ең ірі шайқас Тоқтамыстың толық жеңілуімен аяқталды. Сондай-ақ бұл оқиғаның Алтын Орда үшін апатты салдары болды. Орыс князьдері 1480 жылға дейін салық төлеген алып әрі күшті мемлекет ыдырап, құлдырай бастады.