«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 Сәуір, 2023


💞 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні ретінде тойланып келеді. Бұл мереке Шығыс Қазақстан облысында Тарлаулы ауылының маңында кесенесі орналасқан Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні деп те аталады. Жастарды салт-дәстүрге баулу мақсатында ғашықтардың ұлттық мерекесін құру бастамасы 2011 жылы көтерілді. Осылайша алматылық студенттер аспанға үш мыңнан астам қағаз шамдарды ұшырып, сол арқылы бұл күнді тойлау дәстүрінің негізін қалады.

 

Сіз бұл күнді қалай атап өтесіз?

📖 15 сәуір – Халықаралық экологиялық білім күні ретінде де тойланады. Бұл күннің басты мақсаты – әлем тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақты табиғат пен оның ресурстарына құрметпен қарауға тәрбиелеу. Иә, Қазақстанда да бұрынғы ядролық полигондар, Арал теңізінің құрғауы, ірі қалалардағы ауаның ластануы, өзен-көлдердің тайыздануы, ауыл шаруашылығы жерлерінің шөлейттенуі және т.б. сияқты күрделі экологиялық үлкен проблемалар бар. Сол себепті әр адам аталмыш мәселелермен қалай күресуге болатынын ескере жүру керек.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба? 

🎨 Бүгін – Дүниежүзілік өнер күні. Аталмыш мереке кездейсоқ таңдалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, 1452 жылы 15 сәуір дүниеге келген атақты итальяндық суретші Леонардо да Винчидің құрметіне орай белгіленген. Мұны Халықаралық өнер қауымдастығы бейбітшіліктің, көркем ой еркіндігінің және өзін-өзі көрсетудің символы деп жариялады. Әдетте, бұл күні ашық аспан астында көрмелер, конференциялар және мұражай сағаттары өткізіледі. Өнер күнін тойлау идеясын – Google Art Project жобасы қолдады. Олар адамдарға интернет арқылы жоғары сападағы өнер туындыларына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынды. 

 

Бүгін сағат 11:00-де қай көрмені тегін тамашалауға болатынын айтамыз.

🎠 Сәуірдің үшінші сенбісі – Дүниежүзілік цирк күні аталып өтеді. Бұл – өнердің ең көне түрі. Өйткені акробаттардың, шабандоздардың, сайқымазақтардың барлық қойылымы туралы айту Ежелгі дәуірден басталады. Бірақ кейін осы бастама негізінде 18 ғасыр соңында цирк пайда болды. Оның негізін салушы ағылшын шабандозы – Филипп Астли. Ол жылқы үстінде шауып, трюктарды орындау үшін диаметрі 13 метр шеңбер қолайлы болатынын анықтады. Бүгінде әлемнің барлық цирк алаңдары осы диаметрді ескереді.

Сізге қазақ циркаштарының арасында қай әртіс ұнайды?