«Үйде жатпа» күнтізбесі. 16 қаңтар: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 16 Қаңтар, 2024


🥧16 қаңтар – Халықаралық ыстық және ащы тағамдар күні. Тағамға қосатын түрлі дәмдеуішті гурмандар ғана емес, миллиардтаған адам күнделікті өмірде пайдаланып жатады. Мәселен, бұрыш, сарымсақ, карри , сондай-ақ соустардан – аджика, қыша, ошағанды атап айтуға болады. Бір ескертетін жайт, аталған тағамдар суық күндерге жақсы әрі көңіл күйді жақсартып, ерекше күш береді. Сонымен қатар инфекциялар мен паразиттермен күресуге көмектеседі. Бұл күнді тойлаудың ең дұрыс жолы – ащы тағамдарды тұтыну.

Сіз үшін ең дәмді тамақ қайсы? 

🎤Бүгін музыка әуесқойлары Дүниежүзілік The Beatles  күнін атап өтеді. 1957 жылы 16 қаңтарда әйгілі Ливерпульде Каверн клубының ашылуы өтті. Мұнда Джон Леннон, Пол Макартни және Джордж Харрисон есімді үш дос шығармашылық жолының жемісті саяхатын бастады. Кейінірек оларға команданың төртінші тұрақты мүшесі Ринго Старр қосылды. Топ “Грэмми” сыйлығын он мәрте жеңіп алды. Ал Rolling Stone журналы The Beatles-ті барлық уақыттағы ең ұлы орындаушылар тізімінде бірінші орынға қойды. Төртеуінің де елге сіңірген еңбегі ескеріліп, Британ империясының орденімен марапатталды.

Ал сіздің Көктөбеде The Beatles тобымен түскен суретіңіз бар ма? 

🎬2021 жылдың 16 қаңтарында қазақстандық актер Данияр Алшынов Нью-Йоркте өткен IMDb халықаралық байқауында “Атбайдың жекпе-жегі” фильмі үшін “Үздік драмалық актер” номинациясы бойынша жүлдеге ие болды. The best actor award – New York – бұл бүкіл әлем актерін мойындайтын халықаралық IMDb байқауы. Оның басты миссиясы – талантты тану және тәуелсіз кинодағы үздік актерлерді марапаттау. Осылайша Нью-Йоркте жыл сайын өткізілетін көрсетілім үшін қазылар алқасы ең үздік фильмдерді таңдайды.

👥16 қаңтар өмірге келген танымал тұлғалар. 65 жыл бұрын қазақстандық альпинист, «Барыс» орденінің иегері Анатолий Букреев (1958-1997) дүниеге келді. Спорт иесі биіктігі 8000 метрден асатын 11 тауды бағындырып, оларға 18 рет көтерілді. Әріптестері оны әлем бойынша ХХ ғасырдың ең үздік альпинисті деп атады. Букреев туралы кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді. Ал «Медеу» мұз айдынының алдында оның құрметіне орай ескерткіш орнатылған. Сондай – ақ бүгін Blackpink K-Pop тобының мүшесі, модель әрі актриса Дженни Ким 27 жасқа толды. Ол топта бас рэпер әрі  вокалист позицияларын иемденеді. Өткен жылы ол Голливудта HBO ұсынған «Идол» сериялына дебют жасап, жеке мансабына қайта оралғанын жариялады. Chanel сән үйінің бет-бейнесіне айналған өнер иесі тұрақты түрде қайырымдылық жасаумен айналысады.